China Mining 2026 халықаралық конференциясында Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылып, жаңа өндірістер құруға бағытталған маңызды келіссөздер жүргізілді.
Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен China Mining 2026 XXVIII халықаралық конференциясы аясында Қазақстанға арналған Kazakhstan Day панельдік сессиясы ұйымдастырылды. Халықаралық жиында еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, тау-кен және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Панельдік сессияны ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ашты. Министр Қазақстанда инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастыру, геологиялық зерттеулердің ауқымын арттыру және жаңа өндірістерді іске қосу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Конференция аясында қазақстандық тараптың шетелдік ірі компаниялармен байланысын нығайтуға да басымдық берілді. Ерсайын Нағаспаев ҚХР Табиғи ресурстар министрі Лю Гохунмен, Конго Демократиялық Республикасының Тау-кен өнеркәсібі министрі Луи Ватум Кабамбамен, сондай-ақ Zijin Mining Group, CARL, China National Gold Group Co., Ltd. және Aluminum Corporation of China (CHINALCO) компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында геология, жер қойнауын пайдалану, өнеркәсіптік кооперация және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары сөз болды.
Тараптар өзара тиімді әріптестікті дамытуға, өндірістік байланыстарды күшейтуге және жаңа жобаларды бірлесіп іске асыруға мүдделілік танытты.
Келіссөздер қорытындысында өзара тиімді әріптестікке бағытталған бірқатар келісімге қол жеткізілді.
