Ақ жауынның әлегі

Ақ жауынның әлегі

Өткен аптада қалада жаңбыр құйып, салдарынан Чернышевский 111 мен Байтұрсынов 55 мекенжайларындағы көп қабатты үйлердің тұрғындары зардап шекті. Төбеден тамшы аққаны былай тұрсын, пәтерлердің ішін су басты. Қала әкімдігінде өткен дүйсенбілік аппарат жиналысында дәл осы оқиға сөз болды.
Толассыз жауған жаңбырдан 22 пәтерге зиян келген. Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев аталған екі үйдің төбесі мен қасбетін қалпына келтіруді қала күніне дейін аяқтауды тапсырып отыр.
­ Оқиға орнына барып, құрылысшыларға нақты ескерту жасадық. Олар нысанда кәсіби мамандар жұмыс істеп жатыр, бәрі бақылауда деп сендірді. Ең соңында пәтерлерді су басты, ­деген қала әкімі Марат Жүндібаев мердігер «ЖилСтройСервис-98» ЖШС­ның директорын сынға алды.
­ “Біз сіздерге жұмысты сеніп тапсырдық. Сенімнің үдесінен шыға алмадыңыздар. Орталықтағы сағаты бар мұнара орналасқан үй қаланың жүрегі іспеттес. Сондықтан, алдағы мереке ­ қала күніне дейін екі үйді қалпына келтіріңіздер. Барлық шығынды өз қаражаттарыңыздың есебінен өтейсіздер. Нысандардағы жұмыстар кешкі алтыға дейін емес, қас қарайғанша жүруі керек. Сапасына баса мән беріңіздер. Бұл оқиғаны мен өзімнің бақылауымда ұстаймын”, ­– деді қала әкімі.
Қ.Мұратбекқызы

Жаңалықтармен бөлісу