Торғайлықтар Білім күнін табысты қарсы алды

Торғайлықтар Білім күнін табысты қарсы алды

Жаңа оқу жылы – оқушылар үшін жаңа білім мен жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Ұстаздар мен ата аналардың бірлескен қолдауы білім алушылардың оқу жетістіктерін арттыруға және олардың жан-жақты дамуына ықпал етеді.

Жангелдин ауданының білім беру ұйымдары жаңа оқу жылын ұйымдасқан түрде бастады. 2026–2027 оқу жылында аудан бойынша оқушылар саны 2010 балаға жетіп отыр. Бірінші сыныпқа 160 бала қабылданды. Өткен оқу жылында аудан көлемінде 181 оқушы 11-сыныпты аяқтады. 9 түлек «Алтын белгі», 17 түлек үздік аттестат иегері атанды. ҰБТ қорытындысы бойынша ауданның орташа көрсеткіші 64,6 балл болды. Бұл өткен есептік кезеңмен салыстырғанда 1,09 балға жоғары.

   «Жаңа оқу жылында білім алушыларға сапалы білім мен тәрбие беру, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау негізг іміндеттердің бірі саналады»,-дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Қасымұлы.

2026–2027 оқу жылында аудан мектептерінде 650-ге жуық педагог жұмысын бастады. Биыл 12 тамызда педагог кадрларға қажеттілікті қамтамасыз ету үшін бос орындар жәрмеңкесі өткізілгенін де айта кетейік. Жәрмеңкеге 37 жас маман қатысты. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында 111 мұғалім арнаулы курстардан өтті.

   Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

                                                                                                   Жангелдин ауданы