Бас бостандығы шектелді

Бас бостандығы шектелді

Қостанай облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері мен аталған орталық қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істің сот отырысына нүкте қойылды. Қостанай облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Владимир Михайленко мен оның қарамағындағы нарколог дәрігерлер Ромуте Маладаускайте мен Евгений Сомусев және зертхана маманы Зада Хакімова ҚР Қылмыстық Кодексінің бірнеше бабы бойынша айыпталып отыр.

Атап айтқанда, ақ халаттылар алдын ала сөз байласу арқылы мас күйінде көлік тізгіндеп, полицияға ұсталған жүргізушілердің тапсырған қан сынамаларын не төмен мөлшерде көрсеткен, не «құлан-таза» сау қылып шығарады. Соның салдарынан екі жүргізуші көлік тізгіндеу құқығынан жеті жылға айырылу жазасынан құтылып кеткен. Айыпталушылар қызмет бабын асыра пайдалану, жалған құжат жасау қатарлы қылмыстарға барған.

Бұған дейінгі сот тыңдауында мемлекеттік айыптаушы күдіктілердің бар кінәсін мойындап, тергеу тарапымен процессуалдық келісімге келгенін мәлімдеген болатын. Қостанай қалалық №2 сотының үкімімен Владимир Михайленко ҚР Қылмыстық Кодексі 361-1 бабы, 28-3 бабы, 385-2 бабы бойынша айыпты деп танылып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Ромуте Маладаускайте (ҚР ҚК 385-2 бабы) 1 жылға, Евгений Сомусев (ҚР ҚК 385-2 бабы) пен Зада Хакімова (ҚР ҚК 28-5, 385-2 баптары) бір жарым жылға бас бостандығы шектелді.

Сондай-ақ, айыпталушылардың барлығы жәбірленуші тарапқа 15 АЕК көлемінде қаражат төлеуге және мемлекет пайдасына 113 мыңнан 246 мың теңге аралығында өтеуге міндеттелді.

 

М.ҚОМБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу