Елімізде былтырдан бастап әскери қызметтің жаңа түрі, яғни резервтегі әскери қызмет пайда болды. Бұл өзгерістер «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңында бекітілген.
Осылайша ҚР Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдары үшін даярлығы жоғары резерв қалыптаспақ. Бұл азаматтың өз еркімен өтейтін әскери қызмет түрі. Осы қызмет түріне ҚР Қорғаныс министрлігінің Қостанай гарнизонында орналасқан 99260 әскери бөлімі де азаматтарды әскери қызметке алып жатыр.

«Бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматы уәкілетті мемлекеттік органмен жазбаша келісімшарт жасайды. Келісімшарт бойынша азамат әскери бөлімде жауынгерлік даярлық сабақтары мен әскери жиындарға қатысады. Олар тұрақты әскери қызметте тұрмайды. Алайда оқу-жаттығу мен әскери жиындарға қатысқан кезеңде әскери қызметші мәртебесін алып, заңда белгіленген құқықтар мен міндеттерге ие болады», – дейді 99260 әскери бөлім штаб бастығы, подполковник Манатжан Меңдібаев.
Резервтегі әскери қызмет келісімшарты 3 жыл мерзімге жасалады. Келісімшартта резервистің әскери бөлімге жауынгерлік даярлық бағдарламасында көзделген сабақтар мен жиындарға белгіленген уақытта келу міндеті.

Қызметке қабылдану үшін кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуы және қажетті әскери даярлықтан өтуі тиіс. Яғни ол мерзімді әскери қызмет өткерген, әскери кафедраны аяқтаған немесе Қорғаныс министрлігі жүйесінде әскери даярлықтан өткен болуы қажет.
«Сонымен қатар жас ерекшелігіне қойылатын талаптар бар. Қатардағы және сержанттық құрам үшін шекті жас – 47 жасқа дейін, ал офицерлік құрам үшін – 57 жасқа дейін. Келісімшарт жасасудан бұрын кандидат медициналық куәландырудан, психофизиологиялық тексеруден және арнайы тексеруден өтеді. Сондай-ақ белгіленген заң талаптарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуы тексеріледі. Заңнамада резервтегі әскери қызметке қабылдауға қатысты бірқатар шектеулер де белгіленген. Атап айтқанда, соттылығы бар, теріс себептермен жұмыстан немесе қызметтен босатылған, заңда белгіленген шектеулерді қабылдаудан бас тартқан, сондай-ақ өзі немесе жақын туыстары туралы қажетті мәліметтерді жасырған азаматтар резервке қабылданбайды», – деп атап өтті Манатжан Меңдібаев.
Резервтегі әскери қызмет барысында негізгі үш бағыттағы іс-шара қарастырылған.
Біріншісі – жауынгерлік даярлық сабақтары. Олар айына үш күннен аспайтын мерзімде өткізіледі және жылдық жиынтық ұзақтығы 30 күннен аспауы тиіс. Екіншісі – дағдарыстық жағдайлар кезіндегі әскери жиындар. Мұндай жиындар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұмылдыру немесе төтенше жағдайлардың салдарын жою қажеттілігі туындаған кезде өткізіледі. Үшіншісі – жылына бір рет өткізілетін 30 күндік әскери жиындар.

«Сабақтар мен әскери жиындарға қатысқан кезеңде резервист әскери қызметші мәртебесін алады. Осы уақыт ішінде оған әскери қызметке қатысты заң талаптары қолданылады, оның ішінде тәртіптік жауапкершілік, материалдық қамтамасыз ету және медициналық қызмет көрсету тәртібі қарастырылады. Сондай-ақ, негізгі жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады. Әскери жиындарға шақырылған кезде жұмыс беруші оны еңбек міндеттерін орындаудан босатуға тиіс», – дейді капитан, Дархан Асқар.
Егер резервист ресми түрде жұмыс істейтін болса, әскери жиындарға қатысу кезеңінде оған негізгі жұмыс орнындағы орташа жалақысы төленеді. Ал жұмыссыз резервистерге белгіленген тәртіппен ең төменгі жалақы мөлшерінде төлем қарастырылады. Яғни азамат негізгі жұмысын жалғастыра отырып, резервтегі әскери қызметті қатар атқара алады. Бұл – осы қызмет түрінің басты ерекшеліктерінің бірі.
«Әскери жиындар кезінде резервистер үш мезгіл тамақпен, ал бір күндік сабақтар кезінде түскі аспен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар оларға әскери киім-кешек беріледі және медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі. Резервтегі әскери қызметшілерге әскери қызметшілерге арналған зейнетақы төлемдері қолданылмайды. Сондай-ақ негізгі жұмыс орнындағы жыл сайынғы еңбек демалысы бөлек берілмейді, өйткені ол азаматтың негізгі жұмысындағы еңбек демалысы болады. Қызметтік тұрғын үй берілмейді. Бұдан бөлек, келісімшартта арнайы көзделмеген үстемеақылар мен қосымша төлемдер қарастырылмайды. Сонымен бірге резервистің негізгі жұмыс орнындағы жыл сайынғы еңбек демалысы әскери жиындардың мерзімімен сәйкес келмеуі тиіс. Сондықтан бұл мәселе жұмыс берушімен бірге демалыс кестесін жоспарлау кезінде ескерілуі қажет», – дейді Манатжан Меңдібаев.
Бүгінде Қостанайда 8 адам резервтегі әскери қызметке орналсуға өтініш берген. Олардың барлығы мектепте алғашқы әскери пәнінің мұғалімдері болып жұмыс істейді. Жалпы 15 адамға дейін қалылдайды. Ең бастысы, резервтегі әскери қызметті таңдаған азамат өзінің негізгі жұмыс орнын сақтай отырып, әскери даярлығын жетілдіреді және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға үлес қосады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
