Қазақстанда жаңа саяси кезең басталып, бір палаталы Парламент – Құрылтайдың алғашқы шақырылымы жасақталды.
23 тамызда өткен сайлаудың қорытындысы бойынша бес партия депутаттық мандаттарға ие болды. Олардың ішінде «Әділет» партиясы 145 мандаттың 110-ын иеленіп, ең көп депутат өткізді.
Партия Саяси кеңесі Бюросының шешімімен Құрылтайдың бірінші шақырылымында жұмыс істейтін 110 депутаттың тізімі бекітілді.
Тізімнің үш өкілі Қостанай облысынан сайланды. Олар – Екатерина Смышляева, Шота Оспанов және Наталья Рамазанова.
Қостанай облысындағы сайлауалды кездесулер кезінде бұл кандидаттар өңір тұрғындарымен ауылдық жерлердегі интернет, жол, ауызсу, коммуналдық инфрақұрылым, жастарды жұмыспен қамту және басқа да әлеуметтік мәселелерді талқылаған болатын.
Осылайша, Қостанай облысы жаңа Құрылтайда «Әділет» партиясының құрамынан үш депутатпен ұсынылады.
Ал қалған төрт партияның өңір бойынша депутаттық өкілдігі өзгеше қалыптасты. Respublica партиясынан Қостанайдан Айдарбек Қожаназаров құрылтай депутаттығына өтсе, «Ауыл», «ЖСДП», «Ақ жол» партияларының тізімінде жерлестеріміз жоқ.
Айдарбек Қожаназаров кезінде ауыл шаруашылығы саласының белді өкілі ретінде танымал. Қазір саясат сахнасына бет бұрып, Respublica партиясы тізгінінде.
Екатерина Смышляева – бұған дейін Мәжіліс депутаты ретінде жұмыс істеген, Қостанай өңіріне жақсы таныс саясаткер. Ол жаңа Құрылтайда да өңір тұрғындарының мәселелерін заңнамалық деңгейде көтеруге мүмкіндік алады.
Шота Оспанов – «Әділет» партиясының партиялық тізіміне енген Қостанай облысының өкілдерінің бірі. Оның кандидатурасы партияның сайлауалды жұмысы барысында өңір тұрғындарымен кездесулерде таныстырылды. Шота Сәбитбекұлы бұған дейін облыс әкімнің кеңесшісі болған. Жангелдин ауданының тізгінін ұстаған азамат.
Наталья Рамазанова да Қостанай облысынан Құрылтай депутаттығына сайланған үш өкілдің қатарында. Ол сайлауалды кезеңде облыстың бірқатар ауданындағы тұрғындармен кездесулерге қатысып, ауылдық аумақтардың өзекті мәселелерін талқылауымен ерекшеленген тұлға. Қостанайдағы қоғамдық келісім мекемесінде қызмет атқарған.
Енді өзекті деген мәселелерді Құрылтай деңгейінде көтеру және нақты заңнамалық шешімдерге айналдыру – өңірден сайланған депутаттардың негізгі міндеттерінің бірі болмақ.
