Қостанай облысында медициналық көмектің жоғары технологиялық түрлеріне қолжетімділік артып келеді. 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында 77 жоғары технологиялық жүрек операциясы жасалған.
Бұл мақсатқа 519 млн теңгеден астам қаржы бағытталды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МӘМС шеңберінде жасалған жоғары технологиялық операциялар саны 49-дан 77-ге дейін өскен. Яғни, бір жыл ішінде мұндай медициналық көмектің көлемі 28 операцияға артты. Қаржыландыру көлемі де 123 млн теңгеден астам көбейген.
Биыл Қостанай облысында жоғары технологиялық кардиохирургиялық оталардың барлығы МӘМС жүйесі арқылы жүргізілген. Ал кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (ТМККК) аясында бес ай ішінде мұндай операциялар жасалмаған. Салыстырмалы түрде, 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында ТМККК шеңберінде жүрекке бес жоғары технологиялық операция жасалып, оған 35,8 млн теңге жұмсалған.

«МӘМС жүйесінің арқасында медициналық көрсетілімі бар пациенттер өмірі мен денсаулығын сақтауға, сондай-ақ өмір сүру сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік беретін күрделі әрі қымбат операцияларға қол жеткізе алады. Мұндай емнің құны жүйе қаражаты есебінен төленеді. Сондықтан азаматтардың МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесінің болуы және медициналық көмекке дер кезінде жүгінуі өте маңызды», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев.
МӘМС жүйесі ортақ жауапкершілік қағидатына негізделген. Жүйеге қатысушылардан түскен қаражат медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды емдеуге бағытталады. Жекелеген жоғары технологиялық операциялардың құны азаматтың МӘМС жүйесіне ай сайынғы төлейтін жарнасынан ондаған есе жоғары болуы мүмкін. Соған қарамастан, сақтандырылған пациент қымбат медициналық көмекті оның толық құнын өз қалтасынан төлемей ала алады.

Мысалы, автоматты кардиовертер-дефибриллятор немесе CRT-D жүйесінің бивентрикулярлық дефибрилляторын имплантациялау құны шамамен 8,66 млн теңгені құрайды. Қос ішкі маммарлық-коронарлық шунттау операциясының бағасы – 3,1 млн теңге. Аорталық немесе митралды клапанды тіндік трансплантатпен ауыстыру және аннулопластика жасау сияқты жекелеген операциялардың құны 3 млн теңгеден асады. Ал аорталық клапанды эндоваскулярлық жолмен ауыстырудың нақты құны 6,5 млн теңгеден жоғары.
Қостанай облысында жоғары технологиялық жүрек операциялары Қостанай облыстық ауруханасында, Қостанай облыстық кардиологиялық орталығында, Рудный көпсалалы ауруханасында және Әулиекөл аудандық ауруханасында жүргізіледі.
Жыл басынан бері Қостанай облыстық ауруханасында автоматты кардиовертер-дефибриллятор имплантациялау бойынша 18 операция жасалды. Олардың жалпы құны 156 млн теңгені құрады.
Ал Қостанай облыстық кардиологиялық орталығында бес ай ішінде 54 жүрек операциясы орындалды. Оның ішінде 10 пациентке автоматты кардиовертер-дефибриллятор имплантацияланып, оған 87 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Сонымен қатар 16 адамға CRT-D жүйесінің бивентрикулярлық дефибрилляторы имплантацияланып, бұл операцияларға 138,5 млн теңге бағытталды.
Рудный көпсалалы ауруханасында да бес пациентке автоматты кардиовертер-дефибриллятор имплантацияланды. Бұл операцияларға 43 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды.
Жоғары технологиялық медициналық көмектің тиімділігін нақты пациенттердің өміріндегі өзгерістерден де көруге болады.
«Жоғары технологиялық медициналық көмек – қымбат болғанымен, аз жарақаттайтын емдеу әдісі. Ол күрделі операциядан кейін пациенттің тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді. Биыл біздің орталықта осындай көмек алған жасы үлкен пациенттердің бірі – 1946 жылы туған ер адам. Оған жүрек клапанының фиброзды сақинасының қалыпты пішіні мен көлемін қалпына келтіруге бағытталған аннулопластика операциясы сәтті жасалды. Операцияға дейін пациент қатты ентігіп, әрең жүріп, тіпті отырып ұйықтауға мәжбүр болған. Отадан кейін оның жағдайы айтарлықтай жақсарды: ол қалыпты жүріп, ұйықтай алатын жағдайға жетті. Ал ең жас пациентіміз – 2005 жылы туған әскери қызметші. 21 жасында оған Дэвид операциясы жасалды. Бұл – науқастың өз аорталық клапанын сақтап қалуға мүмкіндік беретін күрделі клапансақтаушы операция. Емнен кейін жас жігіт әскери қызметіне қайта оралды. Біз үшін емнің ең басты нәтижелерінің бірі – пациенттің толыққанды өмірге, жұмысына немесе қызметіне қайта оралуы. Биыл бес айда орталығымызда МӘМС аясында 54 жүрек операциясы жасалды. Бұл пациенттер үшін операциялар тегін болды. Ең бастысы – МӘМС жүйесінде сақтандырылған болу», – деді Қостанай облыстық кардиологиялық орталығының бас дәрігері Дмитрий Лобков.
МӘМС аясындағы жоғары технологиялық медициналық көмек сақтандырылған азаматтарға медициналық көрсетілім болған жағдайда және тиісті жолдамамен беріледі. Сондықтан жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу, дәрігерге уақтылы қаралу және МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебені сақтау – сапалы әрі қымбат медициналық көмекке қол жеткізудің маңызды шарттарының бірі.
