Күдіктіні облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тобыл қаласындағы “Қарасора – 2023” жедел алдын-алу шарасында құрықтаған.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Ахметов 31 жастағы өңір тұрғынын ұстау операциясын былай түсіндіреді.
–Тобыл қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысындағы тінту кезінде полицейлер күдіктіден үш келіден астам синтетикалық есірткі тәркіледі.
Бұдан да басқа екі мыңнан астам синтетика орамдары табылды. Бұл есірткінің ірі көлемін құрайды, –дейді Нұржан Ахметов.
“Ондай партияның құны 100 млн теңгеден асады. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті тергеу әрекеттерінде жүргізілген сараптамаға сәйкес алынған зат – “мефедрон” синтетикалық препараты” делінген хаттамада.
Облыста “Қарасора – 2023” жедел алдын-алу шарасы өткізіле бастағалы 10 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленгенін айта кету керек.