Елімізде босқын мәртебесін беру, өтінішхаттарды тіркеу және қарау тәртібі заңнамалық деңгейде қалай реттеледі? Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің бас маманы Мариям Қажымұқанқызы Әбдірашева айтып берді.
Маманның сөзінше, Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы №216-IV «Босқындар туралы» Заңына сәйкес, босқын – бұл нәсілдік, ұлттық, діни сенімі, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалаудың құрбаны болу қаупіне байланысты өз елінен тыс жерде жүрген тұлға.
Бұл мәртебе өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын (немесе қауіпке байланысты пайдаланғысы келмейтін) шетел азаматтарына немесе тұрақты тұратын еліне қайтып орала алмайтын азаматтығы жоқ адамдарға беріледі.
Босқын мәртебесін беру процесі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі №118 бұйрығы негізінде арнайы Қағидалармен реттеледі.
«Қазақстан Республикасынан пана іздеген адам елге келген күннен бастап немесе қудалау құрбаны болу қаупі төнгенін білген сәттен бастап 5 күнтізбелік күн ішінде жазбаша өтінішхат тапсыруы тиіс. Өтініш жергілікті атқарушы органдардың (облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың немесе астананың жұмыспен қамту органдары) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі бөлімдеріне жеке өзі немесе уәкілетті өкілі арқылы беріледі», — деп түсіндірді Мариям Қажымұқанқызы.
Өтінішхатқа келесі талаптар қойылады. Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын немесе растайтын құжаттар қоса беріледі. Құжат қазақ немесе орыс тілінде толтырылуы тиіс. Егер азамат тілді білмесе, өтінішхат аудармашы тарапынан өтініш берушінің сөзінен толтырылады. Бұл жағдайда өтініш иесі аударма сапасына қанағаттанғаны туралы жазбаша растау береді.
Өтінішхат тіркелген күні пана іздеген адамға «Пана іздеген адамның куәлігі» беріледі және ол шешім қабылданғанға дейін арнайы есепке қойылады.
«Түпкілікті шешім қабылданғанға дейін адам «пана іздеген адам» мәртебесінде болады. Бұл – пана сұраған сәттен бастап туындайтын және өтінішті заңнамада белгіленген тәртіппен қарау кезеңінде сақталатын дербес құқықтық мәртебе», — деп атап өтті бас маман.
Егер өтінішхатты қарау мерзімі ұзартылса, өтініш берушіге 3 ай мерзімге жаңа куәлік табысталады. Алайда қараудың жалпы мерзімі бір жылдан аспауға тиіс.
Белгіленген мерзім өткеннен кейін арнайы құрылған Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату жөніндегі комиссия мәселені жан-жақты қарап, түпкілікті шешім қабылдайды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
