Жолаушылар тасымалы бүгінде еркін бәсекеліктік ортаға берілген кәсіптің түріне айналды. Бірақ осы еркіне жіберу бақылауды қиындатып, бейберекеттікті де көбейтті. Рас, әуе жолы мен теміржол қатынасы мемлекеттің толық қадағалауында.
Соның өзінде ұшақ пен пойыздың уақытынан кешігуі, вагондардың сапасыздығы жолаушыны жолынан қалдырып, жүйкесін жұқартып жатады. Ал автокөлікпен қатынау көп жағдайда еш жерде көрсетілмей, ешкімнің қадағалауынсыз, стихиялы түрде жүзеге асады.
Такси қызметіне тәуелді тұрғындар бар
Ертеректе елді мекендер арасына тек арнайы тіркеліп рұқсатын алған, жолақы құнын жергілікті атқарушы органдар белгілейтін, балалар мен түрлі әлеуметтік топтарға жеңілдігі бар, тұрақты кестемен жүретін қоғамдық көліктер қатынаушы еді. Қазір шалғай аудандар мен ауылдардың тұрғындары такси қызметіне тәуелді. «Үйінің алдынан мінгізіп алып, барған жерінде есігінің алдынан түсіріп кетеді. Оның несі жаман?» дерсіз. Бір қарағанда солай ыңғайлы көрінгенімен мұндай тасымал түрі жалпыға бірдей жайлы емес. Біріншіден, белгілі кесте жоқ. Алдын ала билет алып сапарыңызды күні бұрын жоспарлай алмайсыз. Екіншіден, тиісті органдар бақыламайтындықтан, таксиші ойына келген бағаны өзі қояды. Қымбат. Әлеуметтік осал топтарға жеңілдік жоқ. Жолақы ересек адамға да, балаға да бірдей. Келісілген уақытта жолға шықпай жолаушыны жер соқтыратындар да кездеседі. Жолаушы тасуды тек табыс көзі санап, тұтынушы құқығы, қызмет көрсету сапасы дегендерді ескермейтіндер бар. Тіпті кәсіпкер ретінде тіркелмесе де жүргізуші куәлігі бар азаматтар еңбек демалысына шықса, немесе демалыс күндері такси айдап кететінін көріп жүрміз. Әрине, өз құқықтары. Бірақ осындай жағдайлар қауіпсіздік пен қызмет сапасын ақсататыны да ақиқат. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Таксишілер арасында өз ісіне мұқият, жауапкершілікпен қарайтындар бар. Алайда жол бойы телефоннан көз алмайтын, жылдамдықты асырып, ережені сақтамайтын, уақытылы демалмай, көзі қызарып, есінеп отыратындары жетіп артылады. Өкінішке қарай мұндай жауапсыздықтың соңы қайғылы оқиғамен аяқталғанына да куә болып жүрміз.
Жеті айда 38 адам қаза тапқан
Жол талайдың өмірін жалмап жатыр. Мысалы, биыл жыл басынан бері облыс аумағында 388 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 38 адам ажал құшып, 933 адам жараланған. Ал 2025 жылы жеті ай ішінде 699 жол-көлік оқиғасы болып, 45 адам қаза тауыпты. Түрлі деңгейде жарақат алғандар саны – 958. Жаға ұстататын көрсеткіш. Солардың ішінде жеке көлігімен жолаушы тасығандардың қатысы бар апат биыл біреу, салдарынан екі адам жарақат алған. Ал 2025 жылы мұндай апаттың төртеуі тіркеліпті. Жеті адам қаза тауып, 12 адам жарақат алған. Бұл нақты жолаушы тасумен айналысқаны анықталғаны ғана. Анықталмағаны қаншама? Себебі жолаушыны арнайы рұқсатсыз, заңсыз таситындар да жетіп артылады. Тағы да заң орындары берген мәліметті қарайық: былтыр заңсыз жолаушы тасымалдаған 433 факті тіркелсе, биылғы жеті айда осындай 207 заңсыздық әшкереленген.
Полиция жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жедел алдын алу шараларын тұрақты түрде өткізіп отырады. Осы іс-шаралар аясында заңсыз жолаушы тасымалының да жолын кесуге тырысады. Бірақ күн сайын ағылған әр көлікті тоқтатып тексере беру мүмкін емес. Сондықтан бұл жерде көп нәрсе азаматтардың өзінің жауапкершілігіне, талапшылдығына байланысты. Бұл тасымалдаушыға да, жолаушыға да қатысты. Әрбір тасымалдаушы кәсібін заңды түрде рәсімдеуге тырысып, әрбір жолаушы такси қызметін пайдаланарда оның арнайы рұқсаты бар-жоғына көз жеткізгені абзал. Заңды сақтау, бұзбау әр кісінің санасына сіңбей іс оңбайды.
Заңсыз тасымалға тосқауыл – бәсекелестікті күшейту
Такси қызметіне көпшілік баратын жеріне жылдам жету үшін жүгінеді. Алайда олардың жолақысы тым қымбат. Мысалы, Қостанайдан Арқалыққа дейінгі такси бағасы – 8 мың, Қостанай-Торғай бағыты – 9 мың, Қостанай-Амангелді бағыты – 7 мың теңге. Аз ақша емес. Жолақыны қымбатсынбайтын, баратын жеріне желдей жүйткіп таксимен жеткісі келетіндерге бұл бас қатыратын мәселе емес шығар. Бірақ зейнеткер, мүгедек, студент тәрізді әлеуметтік осал топтарға да таңдау құқы берілуге тиіс. Ол таңдау – жолақы құны төмен, әлеуметтік мәртебесіне сай жеңілдігін ала алатын қоғамдық көлік.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, қазір облыс аумағында 20 бағыт бойынша тұрақты түрде ауданаралық автобустар қатынайды. Жалпы халық саны 100 адамнан асатын елді мекендерінің 48%-ы қоғамдық көлікпен қамтылған. Соңғы жылдары қоғамдық көлік қатынасын жолға қойған шалғай өңірдің бірі – Амангелді ауданы. Қазір мұнда жеке таксилердің сыртында Қостанайға да, Арқалыққа да шағын автобустар қатынайды. Бағасы таксиден екі есе төмен, балаларға, әлеуметтік осал топтарға барлық жеңілдік бар.

Амангелді-Қостанай бағытында жолаушы тасысмалымен айналысатын кәсіпкер Дастан Нөпіровтің айтуынша, билетті электрон түрде де, кассадан да алуға болады. Сапарыңызды күн ілгері жоспарлап, билетті алдын ала аламын десеңіз де мархабат. Құны – 4560 теңге, мұның 600 теңгесі автобекеттің үлесі. Сонда тасымалдаушыға түсетіні – 3960 теңге. Мұның үстіне бюджеттен әр жолаушыға қосымша субсидия төленеді. Дастан Жұмабайұлының айтуынша, қоғамдық көлікке сұраныс жоғары. Қазір ол Қостанайға күнара қатынайды. Күнделікті тоқтаусыз жүру үшін екінші көлік керек. «Енді екінші көлікті сатып алудың жолдарын қарастырып жатырмын», – дейді кәсіпкер. Осылайша шалғай ауданда жолаушы тасымалы өркениетті жолға қойылды. Алайда Жангелдин, Науырзым аудандары автобус қатынасынсыз қалып отыр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары: «Бұл бағыттарды қамтуға қызығушылық танытатын тасымалдаушы шықпай тұр. Өйткені қоғамдық көлікке сұраныс жоқ», – дейді. Әуелде автобус қатынасының тоқтауына да жолаушылардың көбіне таксиді таңдауы себеп болыпты. Нарық жағдайында түйткілді жоғарыдан берілген бұйрық емес, тұтынушының сұранысы шешеді. Яғни бұл аудандарда жолаушы тасымалы бойынша бәсекелестікте әзірге таксишілер басым түсіп тұр.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
Амангелді ауданы
