Биыл Қостанай ауданында жөндеу және құрылыс жұмыстары қарқынды іске асуда. Мемлекеттік бағдарлама аясында жөнделіп және жаңадан салынып жатқан бірнеше нысанға шолу жасамақшымыз.
Солардың бірі – Заречный мектеп-лицейі. Білім ошағы 1986 жылы ашылған. Содан бері қарай бірнеше мәрте ағымдағы жөндеу жүргізіліп, ескірген есік-терезелер ауыстырылып отырған. Уақыт өте электр желілерінен ақау шығып, біраз әбігерге түсіргені бар. Сол оқиғадан кейін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың арнайы тапсырмасымен қаржы бөлініп, сметалық құжаттама әзірленіп, дереу күрделі жөндеу қолға алынды.
Мектепте 700 оқушы бар. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған жергілікті билік соңғы қоңырау соғылысымен жөндеу жұмыстарын бастаған. Жұмысшылар да дер кезінде іске кірісіпті. Қазір нысанда мердігер ұйым “Торгстроймонтаж” ЖШС-ның бригадасы еңбек етуде. Жоба құны шамамен 250 млн. теңге. Аталған қаржыға ғимараттың қасбеті әрленіп, төбесі, терезелер мен баспалдақтар ауыстырылып, электрмен жабдықтау жүйелері толықтай жаңарады. Бұдан бөлек, басқа да ішкі, сыртқы жұмыстар бар. Біз барғанымызда құрылысшылар ғимараттың ішкі қабырғаларын тегістеп, жарылған жерлерін бітеп, сылап жатты.
– Әр бейсенбі сайын нысанда жиналыс өткізіп, жұмыс барысын талдап, талқылаймыз. Техникалық бақылаушы “Көкшетау-2015” ЖШС, мердігер ұйымның бас директоры Павел Борзенков, аудандық білім бөлімінің басшысы және бас бригадир бәрі жиналып, жөндеу жұмыстарының беталысына бақылау жасайды. Жуырда аудан әкімі де келіп, нақты тапсырмалар берді. Ғимараттың төбесі мен электр желілерін толықтай жаңартамыз. Өйткені, бұған дейін электрмен қамту желілерінде мәселе туындаған еді. Болашақта мұндай қауіп қайталанбайды деген ойдамыз. Мердігер 25 тамызға дейін жұмысты аяқтап, тапсырамыз деп отыр. Күрделі жөндеуді алдағы жаңа оқу жылына дейін аяқтау міндеті тұр, – деді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Қасқабаев.
Нысанда жұмыс қызу жүріп жатыр. Күн сайын шамамен 53 адам еңбек етуде. Жұмыстың көлеміне қарай қосымша еңбек күші шақырылып отырады.
– Екі ауысым бойынша таңертең сегізден бастап кешке дейін жұмыс істейміз. Жұмысшы кадрлардың біліктілігіне, тұрақтылығына және тәжірибесіне аса мұқият қараймыз. Біздің арамызда 8, 16 жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген азаматтар бар. Рудный, Көкшетау, Астанадан келген бригадалар нәтижелі еңбек етуде. Жөндеу аумағында ешқандай мәселе жоқ. Алайда, ғимараттың қасбетін жаңартуда қосымша он жұмысшы қатарымызды толықтырса артықтық етпейді, – деді мердігер ұйымның бас директоры Павел Борзенков.
Қостанай ауданында спорт саласы өте жақсы дамыған. Әсіресе, ұлттық спорт түрлері кең тараған. Қазақ күресі, еркін күрес, тоғызқұмалақтан ауданның спортшылары шашасына шаң жұқпай, жүлделі орындардан көрініп жүр. Футбол, волейбол, хоккейден жеке командалары да бар. Мұнда көптеген спорт түрі бойынша арнайы нысандар жұмыс істейді. «Астана» спорт кешені мен «Затоболец» стадионында облыстық деңгейдегі ауқымды жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл нысандардың қатары болашақта көбейе түсері анық. Қазірдің өзінде Заречный ауылында жаңадан спорт кешені салынып жатыр. Нысанының құрылысы келісімшартқа сәйкес, биылғы мамыр айында басталған. Қараша айына дейін аяқталуға тиіс. Мердігер «ГрадСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жоба құны 360 млн теңге. Спорт кешені қыста мұз айдыны, жазда футбол алаңына айналады.
–Ауданымыздың хоккей командасы бар. Ойыншылар кейін осы жерде жаттыға алады. Кешен ауысыммен қырыққа жуық адамды қабылдауға қауқарлы. Тұрғындарға да дәл осындай мұз айдыны алаңы қажет. Жаз мезгілінде мұз айдыны футбол алаңына ауысады. Қазір жұмыс жоспарға сай жүруде, – деді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Қасқабаев.
Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Анатолий Стародубцевтің айтуынша, құрылыс маңында қажеттіліктеріне қарай күніне бесон адам жұмыс істейді. Жоспарлы жұмыс мерзіміне сай жүзеге асуда.
Заречный ауылындағы тағы бір жаңа құрылыс «Арғымақ» ипподромының базасында салынып жатқан иппотерапия және ат спортына арналған жабық манеж. Аталмыш спорт нысанның қызметі мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға арналған. Балалармен арнайы оқытылған нұсқаушылар шұғылданып, сабақ үшін тек жуас аттар алынады. Жоба сомасы 800 млн теңгедей болады. Нысанның аумағы сегіз гектарды алып жатыр. Жоба былтыр күзде басталған еді. Биыл тамыз айында аяқталмақ. Мердігер ұйым «СЫЛ» ЖШС жұмыс көлемінің 70%тен астамын орындап тастапты. Иппотерапия бағытындағы мұндай жабық манеж Қостанай облысының аумағында жоқ. Заречныйдағы нысан біздің өңірдегі алғашқы иппотерапия манежі болмақ. Иппотерапия деп отырғанымыз әртүрлі психикалық, физиологиялық ауытқушылығы бар балаларды емдеуге арналған жылқы терапиясы. Балалар жылқыға жем беріп, күтім жасап, атқа мініп, серуендеп бос уақыттарын пайдалы іске арнайды. Жылқы терапиясы ертеректе ежелгі Грекияда пайда болған. Тарихта грек дәрігері Гиппократ алғаш рет жылқымен емдеу туралы жазған. Бүгінде аталмыш терапия түрі кең қанат жайып, еліміздегі ірі қалаларда қолданылуда.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Қостанай ауданы