Есеп 2:1. “Тобылдың” пайдасында…

Есеп 2:1. “Тобылдың” пайдасында…

Қостанайдың “Тобылы” УЭФА-ның лига конференция ойындары аясындағы бірінші іріктеу кезеңінде Финляндиялық “Хонка” командасын қабылдады. Иә, аты жер жарған, Еуропа елінің ұжымы демесеңіз, “Тобылдың” қазіргі құрамымен деңгейлес команда екен. Екеуінің де чемпионаттың сол алтыншы сатысында келе жатқаны осы сөзімізге тұспа-тұс келетіндей. Алайда қостанайлықтар допқа көбірек иелік етті. Еуропалық ұжым қорғанысқа жатып алды десе де болады. “Тобыл” көбіне шабуылда жүріп, қарсыластар қақпасына жақын тұстан сәтсіз оралып жатты. Сол ұрымтал тұстардың бірінде қарсыластар қарымта шабуылдарға иек артуға ұмтылды. Бірінші таймда алаң иелерінің қорғанысты ұмыт қалдырған осал тұсын ұтымды пайдаланды. Ортадан ұйымдастырылған комбинацияда командаласынан пас алған Қауфманн жиырма метр жерден қақпаны дәл көздеді. Ойынның алғашқы бөлігі осылай аяқталды. Екінші таймда сары-жасылдар ес жинады. Вукадинович, Асранкулов, Деблелердің үштігі қонақтардың айып алаңында керемет ойқастады. Соны аңғарды ма, бас бапкер де ойыншыларын алмастыруға аса асығыстық танытпады. Ойынның алпыс екінші минутында қорғаушы Иван Рогач сол бұрышқа тамаша доп асырды. Ол жерде жүрген Рамазан Оразов керемет тактикалық айлаға көшті. Допты иеленбек болып, қорғаушылардың назарын бірден өзіне аударды. Жетіп келген қорғаушылардың алдында допты тоқтата аттап өтті де артында келе жатқан Вукадиновичке қалдырды. Міне, қызықты қараңыз, оның алдында ешкім жоқ, қорғаушылардың бәрі Оразов жақта жүр. Бұл соны пайдаланып, допты алып алға өтті де емін-еркін сегіздікке тепті. Есеп осылайша теңесті. Араға он минут салып осы жағдай тағы қайталанды. Ол жолы алға асырған допқа Сердж Дебле бұрын жетіп, осы Вукадиновичке қалдырды. Сербиялық сұрмерген бұл жолы сол жақ жетіліктен қателескен жоқ. Әзірге жалпы есеп 2-1, “Тобылдың” пайдасында. Жиырмасыншы шілдеде қостанайдықтар “Хонкамен” жауапты ойын өткізуге қонаққа барады.

Жаңалықтармен бөлісу