Қазақтың күйі Венгрия төрінде күмбірлейді

Қазақтың күйі Венгрия төрінде күмбірлейді

Қостанай облыстық Елубай Өмірзақов атындағы филармонияның этнографиялық-фольклорлық ансамблі «Шертер» 13–20 тамыз аралығында Венгрияның Бугац қаласында өтетін халықаралық «Ғұн-түркі құрылтайына» қатысады.

Халықаралық мәдени шараға «Тұран-Мадьяр» қоғамдық қорының бастамасымен қатысатын өнерпаздар ашық сахнада өнер көрсетіп, қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениеті мен ұлттық өнерін кеңінен таныстырады.

Концерттік бағдарламада қазақтың халық күйлері, вокалдық шығармалар мен заманауи туындылар орындалады. Көрермендер Құрманғазының «Адайын», Ықыластың «Кертолғауын», Қазанғаптың «Ақжелеңін», Сейтектің «Жайма қоңыр», «Сексен ер» күйлерін және басқа да музыкалық шығармаларды тыңдай алады.

Ансамбль өнерпаздары қылқобыз, сыбызғы, сазсырнай сынды ұлттық аспаптарда өнер көрсетіп, қазақтың бай музыкалық мұрасын халықаралық сахнаға шығарады.

Бағдарламаның ерекше бөлігі — венгр композиторы Янош Бродидің «Ha én rózsa volnék» әні. Бұл шығарма қазақ пен венгр халықтары арасындағы достық пен мәдени байланыстың символына айналмақ.

«Шертердің» Венгриядағы өнер сапары — қазақ өнерінің шекара асып, ұлттық мәдениетіміздің әлемдік сахнада жаңғыратын маңызды сәті.

Бұл — Қостанайдан басталған өнердің халықаралық деңгейдегі үлкен мәдени көпірге айналғанының көрінісі.