Абайды арқау еткен өнер мерекесі

Абайды арқау еткен өнер мерекесі

10 тамыз – Абай күніне орай Қостанай облыстық әкімдігінің алаңында тағылымды мәдени шара өтті.

Ұлы ақынның рухани мұрасын дәріптеген шараға 100-ден астам оқушы мен студент қатысып, Абайдың портретін салды.

Жас суретшілер ұлы ойшылдың бейнесін әртүрлі көркемдік тәсілмен қағаз бетіне түсіріп, өз шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

blank blank blank

Ақынның айшықты тұлғасы мен парасатты бейнесін бейнелеу арқылы жастар Абай әлеміне өзіндік көзқарасын жеткізді.

«Бұл шара биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Абай бұл тарих. Абай портретін салу арқылы оқушылар мен студенттер өз шығармашылығын дамытып қана қоймай, тарихқа да бір сәт көз тастап, тани түседі. Бұл игі іс өз жалғасын табады деп сенемін», — дейді аймақтық дене шынықтыру және балалар мен жасөспірімдер туризм орталығы директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жанна Есмурзинова.

Шараның басты мақсаты – Абай мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттап, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру. Қалам мен қылқаламды серік еткен жастардың белсенділігі олардың қазақтың ұлы ақынына деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті.

«Мен бұл шараға қуаны келдім. Себебі, Абайдың шығармалары маған ұнайды. Әсіресе 45 қара сөзінде құнды ойларын жеткізген. Абай портретін салу мені шабыттандырып, ерекше әсер қалдырды. Әрі басқа да көптеген қатысушылармен танысып, шығармашылық туралы ой бөлісудеміз», — дейді қатысушы Малика Қарымсақова.

Абай күніне арналған бұл ерекше бастама қала тұрғындары мен шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, өнер мен руханиятты тоғыстырған мәнді мерекеге болды.

Бота Манет

Суреттерді түсірген Василий Васильев