Бұл жобаны «Казахстанский картофель» ЖШС жүзеге асыруға ниетті. Дей тұрғанмен жартылай дайын өнім шығаратын нысанның құрылысына қаржылай қолдау қажет. Облыс әкімдігі жанындағы агроөнеркәсіп кешені саласында жобаларды іріктеу комиссиясы серіктестіктің осы жөніндегі өтінімін қарап, ортақ шешімге келді.
Аталған кәсіпорын фри картоп цехын Қостанай қаласы іргесіндегі Амангелді тұрғын алабында салуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны – 1,5 млрд теңге. Соның 600 млн теңгесіне АӨК нысандарын жеңілдетілген несиемен қамту бағдарламасы бойынша қол жеткізсе, іс алға басар еді. Бұл жөнінде цех құрылысын қарайтын комиссияның сенімді өкілі ретінде «Тобыл» ӘКК басқармасының төрағасы Мейрамхан Ержанов мәлімет берді.
«Жобаны жүзеге асыруға 600 млн теңге көлеміндегі заем қажет. Ол құрылыс жұмыстары үшін сұралып отыр. Ал серіктестіктің өзі қосатын қаражат жалпы соманың 59 пайызына тең. Бұл қаржы құрылғы-жабдық сатып алуға және басқа да шығындарға жұмсалмақ. Жоспар бойынша, цех жылына 2,7 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы болады. Келешекте нарықтағы сұранысының артарына сенім мол. Осы жобаны жан-жақты қарай келіп, қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз», – деді Мейрамхан Ержанов.
Комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов өтінім комиссия дауысына салынбас бұрын «Казахстанский картофель» ЖШС басшысы Алексей Кожурды сөзге тартты. Қандай да бір сын-тәуекелдердің бар-жоғын бағамдау үшін бірқатар сауал қойды.
«Біріншіден, комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда нысанды қанша мерзімде іске қосуды жоспарлап отырсыздар? Екіншіден, бізге белгілі ақпарат бойынша сіз сегіз компанияның жетекшісі, жеті компанияның құрылтайшысы екенсіз. Бұлар жаңа жобаны іске асыруға әсерін тигізбей ме? Үшінші сұрағымыз – құрылысқа 600 млн теңге несие сұрап отырсыз, ал құрылғы сатып алатын қаражат өз қалтаңыздан ба?», – деп сұрады Арман Әбенов.
Алексей Кожур бірнеше компания жетекшісі әрі құрылтайшысы екенін растады. Алайда әрқайсысының қатарлас ілгерілеп келе жатқанын, сондықтан олар бір-біріне кері ықпал етпейді деп сендірді.
«Ол тұрғыдан мәселе жоқ… Мерзімге келер болсақ, егер жоба мақұлданса, биыл құрылысты толық аяқтауды көздеп отырмыз. Ал келесі жылдың қаңтар-ақпан айында іске қосылады деген болжамымыз бар. Шикізатты Ресейден әкелуді көздейміз. Өйткені сол жақпен келісіп қойдық. Ал құрылғы үшін жартылай өз қаржымызды жұмсап, жетпегенін несиемен жабамыз деп ойлаймыз», – деп жауап берді ол.
«Тобыл» ӘКК директоры толықтыра түскендей, жобаға егжей-тегжейлі сараптама жүргізілген. Ол тиісті бағдарлама талаптарына сәйкес келеді. Осының бәрі ескеріле келе, жиын қорытындысында арнаулы комиссия цех құрылысын несиелендіру жөніндегі өтінімді бір ауыздан мақұлдады.
Жандос ЖҮСІПБЕК
