«Дипломмен – ауылға!»: Амангелдіде бағдарлама игілігі көрініс тапты

«Дипломмен – ауылға!»: Амангелдіде бағдарлама игілігі көрініс тапты

Бағдарламаның игілігін көріп, туған ауылына қызмет етіп жүрген жастардың бірі – Б.Қолдасбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің математика пәнінің мұғалімі Нұрайым Жұмақанова. Ол жоғары оқу орнын аяқтаған соң еңбек жолын ауыл мектебінен бастауды қалаған. Өзінің айтуынша, ауыл балаларына сапалы білім беріп, туған жерінің дамуына үлес қосуды мақсат тұтыпты.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алуға берілетін жеңілдетілген несиеге қол жеткізген жас ұстаз мұны мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған маңызды қолдау деп есептейді. Оның пікірінше, тұрғын үймен қамтамасыз ету, көтерме жәрдемақы және өзге де әлеуметтік жеңілдіктер жастардың ауылда тұрақтап, ұзақ жыл еңбек етуіне нақты жол ашады.

«Ауыл мектебінің өзіндік артықшылығы өте көп. Мұнда оқушылармен де, ата-аналармен де тығыз қарым-қатынас орнайды. Әр баланың қабілетін тереңірек танып, оның дамуына ықпал етуге мүмкіндік мол. Мемлекеттің жас мамандарға жасап отырған қолдауы да үлкен сенім ұялатады. Бастысы – мамандығыңды сүйіп, үнемі ізденісте болып, әр шәкірттің болашағына жауапкершілікпен қарау», – дейді Нұрайым Жұмақанова.

Ауылға оралған тәжірибелі мамандардың қатарында медицина магистрі, жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог, трансфузиолог Қасым Өмірбеков те бар. Еңбек жолында Ақмола облысы, Көкшетау, Астана, Балқаш қалаларындағы ірі медициналық мекемелерде қызмет атқарып, республикалық ғылыми орталықтарда жұмыс істеген дәрігер халықаралық кәсіби конференцияларға қатысып, Канада мен Литвада тәжірибе алмасқан. Осындай мол тәжірибеден кейін туған жерге оралу туралы шешім қабылдап, бүгінде Амангелді аудандық ауруханасында еңбек етіп жүр.

Ауылға қажетті маман іздеп жатқанын естігенде көптен бері көкейінде жүрген ойы нақты шешімге айналған. Жерлестерінің сенімі мен қолдауы оның туған елге қызмет етуге деген ынтасын арттырды. Бағдарлама аясында алған 5 миллион теңге көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға берілген 4,5 миллион теңге бюджеттік несиеге өз қаражатын қосып, аудан орталығынан баспана сатып алған.

«Қалада қызмет етуге мүмкіндік болды, бірақ туған жерге пайдамды тигізгім келді. Ауылға қажет маман екенімді естігенде көп ойланбадым. Жерлестерімнің «ақшаға емес, елге қызмет ет» деген сөзі жүрегіме жетті. Ал мемлекет ұсынған көтерме жәрдемақы мен тұрғын үйге берілген жеңілдетілген несие ауылға келуге үлкен қолдау болды. Мұндай бағдарламалар, әсіресе, оқуын жаңа аяқтаған жас мамандар үшін өте маңызды», – дейді Қасым Өмірбеков.

Бүгінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көрген мамандардың нақты тәжірибесі оның өміршеңдігін көрсетіп отыр. Баспаналы болып, тұрақты жұмысқа орналасқан жастар мен тәжірибелі мамандар ауылдың әлеуметтік саласын дамытуға өз үлестерін қосуда. Демек, ауылды өркендетудің ең сенімді жолы – маманға жағдай жасап, оның туған жерінде еңбек етуіне мүмкіндік беру.

Ақбаян ТЕМІРЖАНОВА

Амангелді ауданы