Оқушылардың жазғы демалысындағы қауіпсіздік басты назарда

Оқушылардың жазғы демалысындағы қауіпсіздік басты назарда

Жазғы демалыс – балалардың тынығып, денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізетін маңызды кезең.

Осы уақытта олардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – білім беру ұйымдары, ата-аналар және жауапты мемлекеттік органдардың ортақ міндеті.

Осы бағытта Амангелді ауданының білім беру ұйымдарында жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылды.

Жазғы демалыс басталар алдында барлық білім беру ұйымдарында оқушылар мен ата-аналарға арналған «Қауіпсіз жаз» тақырыбында түсіндіру шаралары өткізілді. Сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары, жадынамалар мен ақпараттық парақшалар арқылы судағы қауіпсіздік, жол қозғалысы ережелері, өрт қауіпсіздігі, қоғамдық орындардағы тәртіп, интернет қауіпсіздігі және төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері кеңінен түсіндірілді.

Амангелді ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлшат Кәкімжанқызының айтуынша, жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік мәселесі ерекше бақылауға алынған.

– Балалардың жазғы демалысы қызықты әрі мазмұнды ғана емес, ең алдымен қауіпсіз болуы тиіс. Осы мақсатта барлық білім беру ұйымдары ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жүргізді. Әрбір оқушыға қауіпсіздік ережелері жан-жақты түсіндіріліп, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға баса назар аударылды. Себебі баланың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік, – дейді Гүлшат Кәкімжанқызы.

Әсіресе, су айдындарындағы қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінді. Балаларға рұқсат етілмеген орындарда суға түспеу, ересектердің қарауынсыз су жағасына бармау және суда өзін ұстау қағидаларын сақтау жөнінде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде арнайы ескертулер берілді.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында оқушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтау, жаяу жүргіншілер өткелдерін пайдалану, велосипед пен электр самокаттарын қауіпсіз жүргізу, көлікте қауіпсіздік белдігін тағудың маңыздылығы түсіндірілді. Бұл жұмыстар аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Сондай-ақ балаларға көшедегі қауіпсіз мінез-құлық, бөгде адамдармен қарым-қатынас кезіндегі сақтық шаралары, кешкі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрмеу, қауіпті ойындардан аулақ болу және төтенше жағдайда жедел қызметтерге хабарласу тәртібі жөнінде де кең көлемде ақпарат берілді.

Жазғы демалыс кезеңінде білім беру ұйымдары тарапынан оқушылардың қауіпсіздігі тұрақты бақылауда ұсталып, ата-аналармен кері байланыс үздіксіз жүргізілді. Атқарылған профилактикалық жұмыстардың басты мақсаты – әрбір баланың өмірі мен денсаулығын сақтау, құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу.

– Баланың қауіпсіздігі – қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан жазғы демалыс аяқталғанша бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Біз ата-аналарды балалардың бос уақытын бақылап, қауіпсіздік ережелерін күнделікті еске салып отыруға шақырамыз, – дейді әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлшат Кәкімжанқызы.