Қостанайда бүгін бастау алған агрофестивальдің мәдени бағдарламасы да мазмұнды. Өңірдің барлық аудан-қаласы Қостанай облысының 90 жылдығына арналған этноауыл тікті.
Алғашқы күннен-ақ киіз үйлер қалашығы, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмелері, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары қонақтар назарына ұсынылды. Қазірдің өзінде-ақ қаз-қатар қонған киіз үйлер аумағы көңілді ән-күйге бөленіп, көпшілікке көрнекі көрмелері таныстырылып жатыр.


«Біз киіз үй ішін ауданымыздың тарихын, жетістіктерін паш ететін мәліметтер көрмесімен толтырдық. Федоровтың ауыл ашруашылығы саласындағы табысты жобалары, ірі кәсіпорындары, танымал өнімдері туралы да ақпарат алуға болады. Айталық, алқабымызда өсетін әртүрлі дақыл және өзімізде өндірілетін күнбағыс майы және басқалар бар. Мәдени-рухани жетістіктерімізді де келушілер назарына ұсынамыз. Сондай-ақ облысымыздың 90 жылдығына арнайы бұрыш әзірледік», – деді Федоров ауданы көрмесін таныстырушы маман Динара Идрисова.



Көрмелер мазмұны ұқсас болғанымен, әр өңірдің өзіндік сыр-сипаты, ерекшелігі бар. Мысалы, Қостанай қаласының киіз үй көрмесінде цифрлық технологияға баса мән берілген. Келушілер кез келген сұрағына жауап беретін білгір робот қарсы алады. Сондай-ақ қос қапталда асық, үстел футболын ойнайтын құлтемірлер қойылыпты.
Әрине, бұл жерде де облыстың мерейтойына арналған экспозициялық көрмеден көп мағлұмат алуға болады. Ал Сарыкөл ауданының ақ үйін сол өңірдің шағын моделі деуге болатындай.


«Бұл агрофестиваль болғандықтан киіз үй ортасына ауданымыздың картасын қойып, қай ауыл қандай шаруашылықпен айналысатынын көрнекі құралдармен көрсетіп отырмыз. Сосын мал шаруашылығында негізгі төрт түліктің модельдерін жасадық. Тұлғаларға бай ауданбыз ғой, сондықтан ұлы батырларымыздың, ақын-даналар мен ғалым-ғұламардың портреттерін мәліметімен қоса төрге шығардық. Тіпті флорасы мен фаунасынан да ақпарат алуға болады», – дейді аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Шүленов.
Бұл киіз үйлер әсіресе сырттан келген меймандарға тұтас өңірдің тарихы, мәдениеті және әр аудан-қаланың ерекшелігінен кең мәлімет бермек. Этноауыл жұмысы үш күнге ұласады.
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
