Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы сайлау алдындағы үгіт жүргізу кезеңінің басталуына байланысты азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарына үндеу жариялады.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 23 шілде сағат 18:01-ден бастап 2026 жылғы 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін сайлау алдындағы үгіт жүргізу кезеңі өтеді.
Бас прокуратура үгіт жүргізу тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27 және 28-баптарымен реттелетінін еске салды. Үгіт бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар, жария іс-шаралар мен үгіт материалдарын тарату арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, ведомство заңнама талаптарын бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.
Бас прокуратура БАҚ пен онлайн-платформаларға кандидаттар мен саяси партиялар туралы ақпаратты объективті жариялауды, барлық қатысушыларға тең мүмкіндік беруді және заң талаптарын қатаң сақтауды тапсырды.
Сондай-ақ ведомство сайлау процесіне қатысушылардың барлығын заңдылықты сақтауға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырды.
