Пробация есебіндегі мыңнан астам облыс тұрғыны жұмыспен қамтылады

Пробация есебіндегі мыңнан астам облыс тұрғыны жұмыспен қамтылады

Қостанайда «ЖұмысTime» облыстық акциясы биыл екінші рет ұйымдастырылды. Осылайша, сағат 11:00-де облыстың барлық қаласы мен ауданында бір мезгілде өткен іс-шара «Жұмысқа орналастыру – дәл қазір» ұранымен азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан мемлекеттік қызметтерге тең қол жеткізуіне мүмкіндік берді.  

Бұл акция мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ қайталама және рецидивтік қылмыстардың алдын алуға бағытталған.

Пробация қызметінің мәліметіне сәйкес, бүгінде есепте 1 549-дан астам сотталған азамат тұр. Олардың 448-не әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп, жұмысқа орналастырылған. Бұл көрсеткіштер аталған бағыттағы жүйелі жұмыстың сұранысқа ие екенін және өз тиімділігін дәлелдеп отырғанын көрсетеді.

 

«Акцияның негізгі мақсаты – пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға кешенді қолдау көрсету. Айта кету керек, бұл акция биылғы жылдың ақпан айында алғаш рет ұйымдастырылып, бүгін екінші рет жалғастырып отырмыз. Осының алдында 448 азамат жұмысқа орналасты. Бұл жолы проциялық есепте тұрған 1500-ден астам азаматты толығырақ қамтуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі акцияның облыстық деңгейде ұйымдастырылып отырғанын ерекше атап өткім келеді», – дейді облыс прокурорының орынбасары Омар Сүтбаев.

Іс-шараға 90-нан астам мемлекеттік орган өкілдері, 60-тан астам жұмыс беруші кәсіпорын, 10 оқу орталығы, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Акция аясында 900-ден астам пробация есебіндегі азамат қамтылды.

blank

Жазатайым от басып, алаяқтықтың арбауына түскен азаматша енді байқаусызда есірткі тасымалдаушыға айналған тірлігін тастауға уәде берді.

«Біздің отбасымызда шеберлердің шоғыры көп. Үлкендердің тәрбиесімен жеткен бай мұрамыз іспеттес. Алайда қоғамның арбауымен басқа жолға түсіп кеткеніме өкінемін. Зардабын тартттым да. Темір тордың арғы бетін де көрдім. Осы акцияның арқасында тігінші болуды шештім», – дейді аты-жөнін жарияламауды сұраған бойжеткен.

Жастайынан шаруаға бейім болып өскен мына бір ағамыздың есімінің бас әріпін зорға сұрап алуға тура келді. «С» — дан келетін кейіпкер өте зейінді екен. Осы қабілетті аңғарған кезіндегі еңбек адамын орган өкілдері өндірістік мекемеге менеджер маманы қылып орналастырыпты.

«Ауыр жағдайдан кейін, шыны керек, қайда барып, жөнімді айтарымды білмей жүргенмін. Содан осындай да осындай жер бар екен. Онда кеңес береді екен деген хабарды таныстарымнан естідім. Құжатымды қабылдап, жәрдемін беретіні болды. Қызметіме қарай ақы төлейтіндерін айтып отыр», – дейді «С» есімді азамат.

Аталған акцияның өзектілігі «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырумен тікелей байланысты.

blank

«Бұл тұжырымдама жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидатымен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін көздейді. Тәжірибе көрсеткендей, қайталама құқық бұзушылықтардың негізгі себептерінің бірі – әлеуметтік тұрақсыздық. Атап айтқанда, тұрақты жұмыстың, табыстың, әлеуметтік қолдаудың және өмірлік бағыттың болмауы азаматтардың қайта құқық бұзуына әсер етеді», – облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрсұлу Пряхина.

Демек, «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтарды үнемі бақылап, әлеуметтік бейімдеуге, жұмыспен қамтуға, оларды заң аясындағы қалыпты өмірге қайта  бағытталған нақты қолдау шараларымен ұштастыруды көздейді.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Василий Васильев