Әулиекөлде грант көлемі ұлғайып келеді

Әулиекөлде грант көлемі ұлғайып келеді

Бүгінде  жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік гранттар әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар үшін үлкен мүмкіндікке айналды. Бұл салада Әулиекөл ауданында да кәсібін бастағандар жетерлік.

Мемлекеттік қолдау тек қаржылай көмекпен шектелмейді. Үкіметтен көрсетілетін көмек азаматтың өз кәсібін ашып, жаңа жұмыс орындарын құруына, отбасының әл-ауқатын жақсартуына және өңір экономикасының дамуына үлес қосуына жол ашатын маңызды құрал. Әулиекөл ауданының Мансап орталығының басшысы Бахытгүл Жақсалықова биылғы грант беру тәртібіндегі өзгерістер, қатысу талаптары мен конкурс кезеңдері туралы кеңінен айтып берді.

Мемлекет жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған қайтарымсыз грант қазір 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде беріледі. Бұл қаражат кәсіпкерлікті бастауға қажетті құрал-жабдықтар, өндірістік техникалар, мал немесе шикізат сатып алуға бағытталады.

«Өткен жылы аудан бойынша әлеуметтік осал топқа жататын сегіз азамат мемлекеттік грант иегері атанып, өз кәсіптерін бастады. Биыл бұл бағытта 11 адамға грант беру жоспарланып отыр. Бұл тұрғындардың кәсіпкерлікке қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді», – дейді Бахытгүл Сақтағанқызы.

Қайтарымсыз гранттарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар ғана қатыса алады. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар бар. Үміткерлердің жасы 18 жастан зейнеткерлік жасқа дейін болуы тиіс. Сонымен қатар биылғы талап бойынша өтініш берушінің жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне бір жылдан аспауы қажет.

Грантқа қатысудың басты шарты – «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өту. Оқу Business.Enbek.kz платформасы арқылы онлайн форматта жүргізіледі. Курсты аяқтаған азамат арнайы сертификат алады. Бұл құжат грант конкурсына қатысу үшін міндетті талаптардың бірі саналады. Сертификат алғаннан кейін конкурс жарияланған кезде үміткер портал арқылы онлайн өтінім береді. Келесі кезеңде қатысушы арнайы комиссия алдында өзінің бизнес-жоспарын қорғайды. Мұнда жобаның өміршеңдігі, экономикалық тиімділігі, жаңашылдығы және кәсіпкердің дайындық деңгейі ескеріледі.

Бақыткүл Сақтағанқызының айтуынша, конкурсқа қатысушылардың басым бөлігі мал шаруашылығы, наубайхана, тігін, сұлулық салондары сияқты дәстүрлі бағыттарды таңдайды.

«Әрине, мұндай жобалар да қажет. Дегенмен комиссия мүшелері ауданға қажетті, нарықта сұранысқа ие, ерекшелігі бар жаңа бизнес-идеяларға ерекше назар аударады. Бастысы – жобаның жүзеге асу мүмкіндігі мен тұрақтылығы», – дейді орталық басшысы.

          Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суретті түсірген Василий Васильев

Әулиекөл ауданы