Үй жағдайындағы кәсіптен – табысты бизнеске

Үй жағдайындағы кәсіптен – табысты бизнеске

Кәсіпкерлікті дамыту – тек жеке адамның ғана емес, тұтас ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам. Ал мемлекет ұсынып отырған осындай қолдау тетіктерін тиімді пайдалану – әр азаматтың өз қолында.

Мемлекеттік гранттың игілігін көріп, өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алғандардың бірі – әулиекөлдік көпбалалы ана Гүлім Нұрғалиева. Мамандығы бойынша бухгалтер-экономист болғанымен, ол сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, бүгінде аудан тұрғындарына сапалы кондитерлік өнімдер ұсынып келеді.

«Кәсібімді карантин кезінде бастадым. Үйде баламен отырған уақытта шайға тәттілер пісіріп, жақындарыма ұсынатынмын. Кейін туған-туыстарым мен көршілерім тапсырыс бере бастады. Осылайша қызығушылық біртіндеп тұрақты кәсіпке ұласты», – дейді кәсіпкер.

Алғашында тек үй жағдайында шағын көлемде жұмыс істеген Гүлім Маратқызы уақыт өте келе өнім түрлерін көбейтіп, тұрақты тұтынушыларын қалыптастырған. Бүгінде ол түрлі мерекелік торттар, бенто-торттар, пирогтар, рулеттер мен әртүрлі десерттер әзірлейді. Кәсібін кеңейтуге мемлекеттік қолдау үлкен серпін берген. Ол жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған қайтарымсыз мемлекеттік гранттың жеңімпазы атанып, 1 572 800 теңге көлемінде қаржы алған.

«Грант қаражатына кәсібіме аса қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Екі тоңазытқыш-витрина, үлкен тоңазытқыш және қамыр мен жартылай дайын өнімдерді сақтауға арналған мұздатқыш алдым. Қазір тапсырыстарды сапалы әрі уақытылы орындауға барлық мүмкіндік бар», – дейді ол.

Кәсіпкердің жобасын комиссияның жоғары бағалауына себеп болған басты ерекшеліктің бірі – пайдалы десерттер дайындау идеясы. Оның өнімдері құрамында ақ қант қолданылмайтын, глютенсіз ұннан, табиғи жаңғақтар мен сапалы ингредиенттерден әзірленеді.

«Қазір адамдар дұрыс тамақтануға, денсаулыққа ерекше мән береді. Сондықтан қантсыз, табиғи өнімдерден жасалған десерттерге сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Болашақта осы бағытты одан әрі дамытқым келеді», – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер жеке кондитерлік цех ашып, өндіріс көлемін ұлғайтуды көздейді. Егер қолайлы ғимарат табылса, қосымша жұмыс орындарын ашып, бірнеше маманды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Василий Васильев