Ұлыбритания дипломатымен инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Ұлыбритания дипломатымен инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Қостанай облысында инвестициялық әлеуетті арттыру және халықаралық әріптестікті дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Астанада Ұлыбритания Елшілігінің экономика және климаттың өзгеруі мәселелері бөлімінің басшысы Кэти Коттреллмен кездесу өтті.

Кездесу барысында өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметі мен өңірдегі басым даму бағыттары сөз болды.

Бүгінде СПК «Тобыл» Қостанай облысының экономикалық ерекшелігіне, өндірістік әлеуетіне және мемлекеттік индустриялық-инновациялық саясаттың басымдықтарына сүйене отырып жұмыс жүргізуде. Басым салалардың қатарында машина жасау, қосалқы бөлшектер өндірісі, агроөнеркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасын шығару, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және индустриялық инфрақұрылымды дамыту бар. Бұл бағыттар жаңа өндірістерді іске қосуға, жұмыс орындарын ашуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және өңір экономикасын технологиялық жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Кездесуде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. СПК «Тобыл» инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге, жергілікті серіктестерді іздеуге, жаңа өндірістерді іске қосуға және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды ұйымдастыруға дайын өңірлік әріптес ретінде таныстырылды.

Шетелдік инвесторларға ұсынылатын қолдау тетіктері де кеңінен баяндалды. Корпорация инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қызмет көрсетеді. Қостанай қаласындағы индустриялық аймақ өңірдің негізгі даму нүктелерінің бірі саналады. Мұнда өндіріс орындарын орналастыруға қажетті инженерлік инфрақұрылым толық дайын: электр энергиясы, газ және су жүйелері, көлік және теміржол қатынасы, сондай-ақ әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар қарастырылған.

Сонымен қатар Қазақстанда шетелдік инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер, инвестициялық преференциялар секілді мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылатыны айтылды.

Кездесу барысында британдық компаниялар үшін Қостанай облысындағы ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттары да талқыланды. Атап айтқанда, машина жасау саласын жергіліктендіру, өнеркәсіпке арналған компоненттер өндіру, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және логистика технологиялары, «жасыл» технологиялар мен энергия тиімділігін арттыру, сондай-ақ инженерлік және технологиялық шешімдерді енгізу мәселелері қызығушылық тудыратын салалар ретінде аталды.

Қостанай облысының Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығудағы тиімді географиялық орналасуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі. Ал СПК «Тобыл» өндіріс алаңдарын таңдаудан бастап, жобаларды іске асыру мен мемлекеттік органдармен өзара байланыс орнатуға дейін жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.

Кездесу екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және Қостанай облысының өндірістік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.