IQanat олимпиадасының бір аптаға созылған финалдық кезеңі өз мәресіне жетті. Білім додасы ауылдық жерлерден келген ең дарынды, талапты әрі білімге құштар оқушылардың басын қосты.
Алматы қаласындағы ҚазБСҚА университетінде еліміздің 60 мыңнан астам ауылдық 8-сынып оқушылары арасынан іріктелген 1000 талантты оқушы жиналды.
«Бұл сапар мен үшін ерекше болды, өйткені мен грантқа ие болдым және еңбегімнің осындай нәтиже бергеніне өте қуаныштымын. Ерте тұру мен тығыз кестеге қарамастан, бәрі қатты ұнады. Керемет іс-шаралар, жақсы тұрмыс жағдайы, дәмді тағамдар және өте жылы атмосфера болды. Ең көп есте қалғаны – жолықтырған адамдарым мен жарқын эмоциялар. Барлық ұйымдастырушыларға, әсіресе ауыл балаларына осыншама мүмкіндік беріп жүрген қамқоршыларымызға алғыс айтамын», – деп ағынан жарылды сарыкөлдік Дарьяна Бекішева. Дарья еліміздегі үздік мектептердің бірі саналатын IQanat High School of Burabay мектебіне берілетін басты грантты жеңіп алған үздіктердің қатарында.
Бұл оқу гранты амангелділік Айша Орақова да бұйырды.
«Әр қадам сайын таулардың әсем көрінісі көз тартатын Алматыға сапар мені қатты қуантты. Осы 7 күн ішінде IQanat – өзіңді әрдайым бақытты сезіне алатын орын екенін түсіндім», – дейді Айша.
Ал Нұралы Кәрімов Алматыға сапар мен үшін шын мәнінде маңызды оқиға болғанын айтады.
«Ол көптеген нәрсеге деген көзқарасымды өзгертіп, алдыма биік мақсаттар қоюға және жаңа жетістіктерге ұмтылуға шабыттандырды. Бұл сапардың ең үлкен құндылығы – жарқын естеліктер, жаңа өмірлік тәжірибе, адамдармен қарым-қатынас жасау дағдылары және шабыт сыйлаған мотивациялық кездесулер болды», – дейді Нұралы.
Естеріңізге сала кетейік, IQanat білім беру бағдарламасы – ауыл мектептерінің оқушыларына арналған, 250 табысты қазақстандық кәсіпкердің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бірегей республикалық әлеуметтік-білім беру қайырымдылық жобасы. Оның басты мақсаты – ауыл оқушыларының оқу үлгерімін жақсартуға деген ынтасын арттыру, өздігінен білім алу дағдыларын дамыту, қосымша білім беру және беделді отандық әрі шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге тегін көмек көрсету.
«Олимпиада барысында оқушылар 5 бағыт бойынша тест тапсырды: логикалық ойлау, математикалық және оқу сауаттылығы, ағылшын тілі және қатысушы таңдаған 6 пәннің бірі (математика, физика, химия, биология, тарих немесе география).Тестілеуден бөлек, қатысушылар мазмұнды білім беру және мәдени бағдарламаға қатысты. Олар қала мен жоғары оқу орындарына экскурсия жасап, soft skills дағдыларын дамыту тренингтерінен өтті, қамқоршылармен мотивациялық кездесулерге қатысты, ғылыми тәжірибелер жүргізді. Сонымен қатар ағылшын тілі мен таңдаған пәндері бойынша peer-to-peer бағдарламасы аясында білім алды. Бұл бағдарламада IQanat түлектері мен жоғары сынып оқушылары өз білімдерін кіші буынға үйретеді. Сондай-ақ эмоционалдық интеллект, кәсіпкерлік және көшбасшылық қасиеттері бойынша тестілеуден өтті», – дейді ол туралы «IQanat» білім беру қорының Қостанай облысы бойынша өңірлік үйлестірушісі Гүлнара Берсагурова.
Олимпиаданың шарықтау шегі заманауи халықаралық «Сұңқар» трамплин кешенінде өткен салтанатты марапаттау рәсімі болды. Нәтижесінде 125 оқушы толық грантқа, тағы 125 оқушы жартылай грантқа ие болды.
Олимпиада финалы ауыл оқушыларының интеллектуалдық әлеуеті жоғары екенін және олардың қаладағы құрдастарымен сәтті бәсекелесе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Республикалық кезең қорытындысы бойынша Қостанай облысының финалистері жоғары білім деңгейін, мақсаткерлігін, тыңғылықты дайындығын және стандарттан тыс шешім қабылдай білу қабілетін көрсетті. Бұл жетістіктер – табанды еңбек, тәртіп, жігер және жоғары мотивацияның нәтижесі.
Егер өткен жылы қостанайлық IQanat қатысушылары 9 грант және 9 жартылай грант иеленсе, биыл Қостанай облысынан финалдық кезеңге қатысқан 46 оқушының 11-і Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатында оқуға грант жеңіп алды. Ал 9 финалист IQ Advance арнайы бағдарламасы бойынша білім алуға сертификат иеленді. Бұл оқушылар өздерінің ауыл мектептеріндегі оқуын IQanat мектебіндегі күндізгі қарқынды сессиялармен қатар алып жүреді. Сертификат алмаған облысымыздың қалған 26 сегізінші сынып оқушысын олимпиададан кейінгі 3 жылдық тегін қолдау бағдарламасы күтіп тұр. Олар Бурабайдағы IQanat мектебіне тұрақты түрде келіп, ҰБТ мен халықаралық емтихандарға дайындалады, ағылшын тілін тереңдетіп оқиды, мамандық таңдауға арналған курстарға қатысады, IT дағдыларын, soft skills, кәсіпкерлік және басқа да бағыттарды меңгереді. Сонымен қатар олардың жетістіктері жүйелі түрде қадағаланып, ынталандыру жұмыстары жүргізіледі.
Еліміздегі үздік мектептердің бірі саналатын IQanat High School of Burabay мектебіне берілетін басты грантты төмендегі оқушылар жеңіп алды:
Амангелді ауданынан – Оракова Айша;
Арқалық өңірінен – Трохимик Олег;
Әулиекөл ауданынан – Елеукина Томирис;
Жангелдин ауданынан – Жаңабай Айзере;
Қарабалық ауданынан – Кустанов Руслан;
Қостанай ауданынан – Қабдырахман Темірлан;
Науырзым ауданынан – Имангалиев Адлет және Кубегенова Жасмин;
Б. Майлин ауданынан – Бегимбаев Жаслан;
Сарыкөл ауданынан – Бекишева Дарьяна;
Федоров ауданынан – Айкелова Дилара.
IQ Advance тереңдетілген бағдарламасы бойынша сертификат иегерлері:
Әулиекөл ауданынан – Омарбек Арыстан;
Денисов ауданынан – Турткараева Балжан;
Қамысты ауданынан – Каирбеков Рахат;
Қарабалық ауданынан – Ковалик Алёна;
Қарасу ауданынан – Салтымуратова Светлана;
Қостанай ауданынан – Миних Артём;
Б. Майлин ауданынан – Ахметкалиева Малика;
Сарыкөл ауданынан – Утимисова Айару және Бекенов Арлан.
Айбек ЖҮЗБАЙ
сурет облыстық білім басқармасынан алынған
