Арқалық университетінің қабылдау комиссиясы жұмысын бастады

Арқалық университетінің қабылдау комиссиясы жұмысын бастады

Ұлттың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті 2026 жылдың жаңа оқу жылына талапкерлерді қабылдауды бастады.

Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Сәрсенкүл Махинаның айтуынша талапкерлерді оқуға қабылдау ҚР Білім және жоғары білім министрлігінің бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.

«20 маусым мен 20 тамыз аралығында қабылдауды жүргіземіз. Оқу орнымыз тек қана педагогикалық мамандықтарды қабылдағандықтан талапкерлерімізден алдымен арнаулы педагогикалық тест қабылдайды. Шығармашылық емтихандары да бар. Шілде айының алғашқы онкүндігінде оқуға түсушілер екі күн сынақ тапсырады. 13-20 шілде аралығында грант конкурсына қабылдау басталады. 75 және одан жоғары балл қабылдаған барлық талапкерлерді педагогикалық мамандыққа, басқа мамандықтарды таңдаған, басқа қаланы таңдаған талапкерлерді де осы жерден қабылдау жүргізе аламыз», – дейді Сәрсенкүл Қуандыққызы.

Ол сонымен қатар өзге қалалардан білім іздеген талапкерлерге де қызмет көрсете алатындықтарын мәлімдейді.

blank

«Грант конкурсына қабылдау дегеніміз былайша айтқанда – 4 таңдау жасау деген сөз. Яғни: 4 таңдау, 4 қала, 4 жоғары оқу орны, 4 мамандық.  Қазақстанның кез келген жоғары оқу орнына қабылдау комиссиясы бар жерге талапкер таңдауын жасай алады. Демек, өзге қалаларды таңдаған талапкерлерге де қызмет көрсете аламыз».

Мамандардың айтуынша абитуренттерді оқуға қабылдау кезінде түрлі квоталарға бөлінген гранттар бойынша осы талаптарға саймын дейтін талапкерлер растайтын барлық құжаттарын әкелулері қажет.

«Кейде «көпбалалы», «толық емес отбасынан шыққан» деген сияқты құжаттары болмай жатады. Сондай – ақ, республикалық, халықаралық жарыстардың жүлдегерлерінің соңғы 3 жылда көрсеткен нәтижелері бойынша құжаттарын тапсырулары шарт», – дейді комиссия хатшысы.

Арқалық педагогикалық университетінің ауыз толтырып айта кететін ерекшелігі — студенттерді ақылы бөлімге болсын, грантқа болсын оқуға түскеннен диплом алғанға дейін жатақханамен қамтамасыз ете алады.

«Оған 100 % сенімдіміз. Үш бірдей жатақханамыз бар. Қаламызда әуежай іске қосылғалы жатыр. Теміржол қатынасы күнделікті жұмыс істеп тұр. Барлық қызмет түрлері заманауи жетілген. Қала шағын болғандықтан жүріп — тұрғанда да барлық қажеттілікке үнемі қолжетімділік байқалады», – дейді Сәрсенкүл ханым.

Білімнің қара шаңырағы былтыр 900-ге тарта талапкер қабылдаса, биыл оның санын 1200-ге еркін жеткіземіз деп талаптанып отыр.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                              Арқалық қаласы