Қылмыстық кодекске параны сұрағаны және талап еткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін жаңа 366-2-бабы енгізілмек. Ашық НҚА порталында жарияланған кодекстің жаңа редакциясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осындай бастама көтерген.
«Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның не лауазымды адамның, сол сияқты шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамының пара берушінің немесе ол өкілдік ететін адамдардың пайдасына жасаған әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін өзіне немесе басқа адамдарға параны сұрауы немесе талап етуі – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 000 АЕК-ке (6 900 000 мың теңге) дейін айыппұл салуға не сол мөлшерде 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады», – делінген Ашық НҚА порталында жарияланған кодекстің жаңа редакциясында.
Алайда, пара талап еткен адам өзінің әрекеті туралы құқық қорғау органдары мұны әшкерелемей тұрып хабарласса, жазаға тартылмайды.
«Пара беру өтінішін немесе талабын білдірген адам, егер ол құқық қорғау органына немесе арнаулы мемлекеттік органға осы факті туралы аталған органдарға мәлім болғанға дейін параны сұрағаны немесе талап еткені туралы өз еркімен хабарласса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады», – делінген құжатта.
Айта кетейік, қолданыстағы Қылмыстық кодексте мұндай бап жоқ.
«Біздің ойымызша, «пара сұрау» және «пара талап ету» бірдей ұғым емес, бірақ екеуі де қоғамдық теріс сипатқа ие. Сондықтан пара сұрағаны үшін де, талап үшін де қылмыстық жауапкершілік белгілеу ұсынылады. Әйтпесе, кінәлі адам пара сұрағанын, бірақ талап етпегенін немесе керісінше, дәлелдеп жазадан құтыла алады деп ойлаймыз», – деп өзгеріске түсіндірме берген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Құжат 17 шілдеге дейін көпшілік талқылауында болады.