Рудныйда Балаларды қорғау күні ерекше аталып өтті

Рудныйда Балаларды қорғау күні ерекше аталып өтті

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қалалық мәдениет және демалыс саябағында думанды іс-шара ұйымдастырылды. Шараға жүздеген бала мен ата-ана қатысып, жаздың алғашқы күнін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.

Мерекелік бағдарлама бүлдіршіндердің бос уақытын мазмұнды әрі қызықты ұйымдастыруға бағытталған түрлі қойылымдармен басталды.

Сахнада би мен әннен шашу шашылып, көрермендерге ерекше қуаныш сыйланды. Бағдарламаның заманауи сипатын айқындау мақсатында балалар сүйіп орындайтын TikTok трендтеріндегі әндер де шырқалды. Сонымен қатар, «Рудный STARS» шығармашылық ұжымы мен жас өнерпаздар тұңғыш рет ашық аспан астындағы саябақ сахнасында өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді.

Шара барысында балалардың мультфильм және ертегі кейіпкерлері туралы білімін тексеруге арналған танымдық бөлім де ұйымдастырылды. Қазіргі таңда балалардың кітап оқуға қызығушылығы төмендеу екенін ескере отырып, ұйымдастырушылар осындай викторина дайындаған.

Нәтижесінде бүлдіршіндер ертегілерді жақсы білетінін дәлелдеп, қойылған сұрақтарға мүдірмей, белсенді жауап берді.

Іс-шараға тек үйірме тәрбиеленушілері ғана емес, қала тұрғындары да көптеп жиналып, мерекенің ауқымын кеңейте түсті. Дайындыққа уақыт аз болғанымен, ұйымдастырушылар небәрі 4–5 күн ішінде толыққанды бағдарлама әзірлеп шыққан.

Нургул ИБРАШОВА,

мәдени-көпшілік жұмыстар жөніндегі маман, ұйымдастырушы:

«Біздің негізгі мақсатымыз – балалардың бос уақытын қызықты әрі мазмұнды ұйымдастыру. Мұндай тағылымды шараларды тек 1 маусымда ғана емес, жыл бойы өткізіп тұруға тырысамыз. Бүгін біз үшін үлкен тәжірибе болды, өйткені өнерпаздарымыз тұңғыш рет саябақтың ашық сахнасына шықты. Шараға өзіміздің тәрбиеленушілерімізбен қатар қала тұрғындары да көптеп жиналды.

Шыны керек, дайындыққа уақытымыз өте тығыз болды, небәрі 4-5 күн ішінде осы бағдарламаны әзірлеп шықтық. Егер уақыт көбірек болғанда, бұдан да ауқымды дүние жасауға болар еді. Бағдарлама аясында би мен әннен шашу шашып, балалардың мультфильм кейіпкерлері туралы танымын тексердік. Әрине, бүгінгі бүлдіршіндер сүйіп айтатын «Тик-Ток» трендтеріндегі заманауи әндер де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі балалардың кітап оқуға ықыласы төмендеу екені жасырын емес, сондықтан біз ертегі кейіпкерлері арқылы олардың білімін байқап көрдік. Балалардың ертегілерді жақсы білетіні және сұрақтарға мүдірмей жауап бергені қуантты.

Өз ісіне талапшыл маман ретінде айтсам, іс-шара барысында көрермен байқай бермейтін, бірақ ұйымдастырушы ретінде маған көрінетін кішігірім кемшіліктер болды. Мұны алдағы уақытта ескеріп, келесі шараларды бұдан да жоғары деңгейде өткізуге күш саламыз.

Гүлайна Узбекова, қала тұрғыны:

«Іс-шара өте көңілді өтті. Бұл жолы тек балалар емес, ата-аналар да белсенді қатысты. Біз де сахнаға шығып, бишілердің қимылын қайталап биледік. Сол арқылы балаларымызға түрлі сыйлықтар, ойыншықтар ұтып алуға мүмкіндік туды. Балалар да, ата-аналар да бірге көңіл көтеріп, ерекше әсер алдық. Осындай ортақ қатысу шараның қызығын одан әрі арттырды деп ойлаймын».

Жаздың алғашқы күні Рудныйлық балалар үшін ерекше қуаныш пен жарқын әсерге толы болды. Қала тұрғындары бүлдіршіндердің шат-шадыман көңіл-күйіне куә болып, осындай мерекелік шаралардың жиі ұйымдастырылуына тілектестік білдірді.

blank blank blank blank blank blank

№8 мектептің оқушысы Іңкәр Нұрберген мерекеге қатысты өз ойын былай жеткізді:

«Бүгінгі мереке маған өте ұнады. Әсіресе би билеп, түрлі ойындарға қатысқан сәттер көңілді өтті. Сахнадағы концерттік нөмірлер де керемет болды. Мультфильм кейіпкерлері туралы сұрақтар қызықты екен. Достарыммен бірге жақсы уақыт өткізіп, сыйлықтар да ұттық. Осындай мерекелер жиі ұйымдастырылса екен», – деді ол.

 

Ақерке АРЫСТАНБАЙ