Соңғы қоңырау… Біреулер үшін бұл жай ғана мектептегі мереке болса, түлектер үшін балалық шақпен қоштасатын ең толқынысты сәт.
Қостанайдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен «Самға, жас түлек! Жалғастыр, жас ұрпақ!» атты мереке жүректерге ерекше әсер сыйлады. Биылғы соңғы қоңырау Тәуелсіз Қазақстанның 35 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, салтанаттың мәнін одан әрі арттырды.
Сахнада әуелеген ән мен күмбірлеген күй, ұлттық би мен жүрекжарды тілектер — бәрі-бәрі мектеп қабырғасында өткен жарқын жылдардың естелігіндей әсер қалдырды. Шара барысында айтулы даталар да ерекше аталып өтіп, қазақтың зиялы қауым өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы дәріптелді.
Мектеп директоры Гүлнара Досқазиева оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге жүрекжарды тілегін арнады.
Сахна төрінде «Тұмар» би ансамблінің «Балауса» биі көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жетігеншілер қазақ әндерінен попурри орындады. Ал 7-сынып оқушылары орындаған «Келіншек» күйі кештің ерекше сәттерінің біріне айналды. Кеш соңында орындалған түлектер вальсі көпшіліктің көңілін толқытып, соңғы қоңыраудың сыңғыры үлкен өмірге бастар жолдың үніндей естілді.
Әсіресе, мектеп ауласына отырғызылған раушан гүлдері ерекше символға айналды. Бұл — туған мектебіне деген алғыс, ұстаздарға деген құрмет және болашаққа қалдырылған ізгі із. Жылдар өтсе де, бүгінгі түлектердің армандары секілді бұл гүлдер де жайқалып өсіп, мектеп тарихының бір бөлшегі болып қала бермек.
Олжас Ғабдімәлік,
ҚӨУ студенті
