Қостанай қаласында 1573 түлек мектеп бітіруде

Қостанай қаласында 1573 түлек мектеп бітіруде

Бүгін еліміздің мектептерінде 34 аптаға созылған  2025-2026 оқу жылы аяқталып жатыр. Білім ошақтарында дәстүрлі түрде  соңғы қоңырау соғылуда. Қостанай қаласында биыл 1573 түлек 11-сыныпты бітіреді. 3368 оқушы 9-сыныпты аяқтайды. Бұл жайында қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева мәлімдеді.

Қостанай қаласында барлығы 116 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 48 мектепте 38 мың 133 бала білім алды. 60 мектепке дейінгі ұйымда 10 мың 370 бала тәрбиеленуде және 8 қосымша білім беру ұйымы бар. Биыл 11-сыныпты жалпы 1573 түлек аяқтайды. 9-сыныпты 3368 оқушы бітіреді. «Алтын белгі» үміткерлерінің саны – 54. «Үздік аттестатқа» 75 түлек ұсынылуда.

Алдын ала мәлімет бойынша 2025-2026 оқу жылында білім сапасы өткен жылмен салыстырғанда 0,3% артып, қазіргі уақытта 61%-ті құрайды. 10-мамыр мен 10-шілде аралығында 1198 түлек немесе жалпы бітірушілердің 80%-і ҰБТ-ға қатысады.

Емтихандар мерзіміне келсек, 5-8 сыныптар мен 10-сынып оқушылары үшін қазақ тілі пәнінен міндетті көшіру емтиханы 26-29 мамыр аралығында өтеді. 9-сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 29-мамыр мен 11-маусым аралығында. Ал 11-сынып түлектерінің емтихандары 2-маусымнан 15-маусымға дейін жалғаспақ.

blank

Қостанай облысы бойынша аттестаттарды тапсырудың бірыңғай күні болып 18-маусым белгіленді. Қостанай қаласы мектеп директорларының бірлескен шешіміне сәйкес, аттестаттар 9-сыныптың түлектеріне 16-маусым сағат 10:00-де, 11-сынып түлектеріне 18-маусым күні сағат 18:00-де табысталады.

«Іс-шаралар педагогикалық әдепті сақтау және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу талаптарына сәйкес өткізіледі. Оқу-ағарту министрлігінің хатына сәйкес, биыл ақша жинауға, мейрамханаларда банкеттер ұйымдастыруға, аниматорлар тартуға ресми түрде тыйым салынған»,-деп ескертті Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева.

Қымбат ДОСЖАНОВА