Қазақ түз тағыларының ішінде киікті ерекше қадірлейді, киелі санайды, ол туралы аңыз да көп. Әйтсе де ғасырлар бойы аулап, етін азық етіп, мүйізін сатып пұл қылғаны да ақиқат. «Кей қазақ әдет қылған киік атып, Мүйізін пайда қылып, шетке сатып» деп жазады Сәкен Сейфуллин өзінің «Ақсақ киік» атты өлеңінде. Осыдан-ақ біраз нәрсені аңғаруға болады…
Биыл киік саны 5 миллионға жете ме?
Соңғы жылдары мемлекеттің қорғауының арқасында киіктің саны айтарлықтай көбейді. Көбейгені сондай, егісті таптап, шабындыққа қаптап, жайылымның шаңын шығарып, ауыл шаруашылығына орасан зор шығын келтіріп жатыр. Осыдан кейін «Аулап санын азайтайық, пайдасын көрейік» деген әңгімелер айтыла бастаған еді. Тіпті арнайы рұқсат етіліп, аз-мұз ауланды да. Алайда киікті кие санайтындар өре түрегеліп қарсы шықты. Соның салдарынан киікті кәдеге жарату ісі мандымай тоқырап тынды. Былтыр тағы бионегіздеме жасалып, 750 мың ақбөкенді аулауға рұқсат берілген еді. Бірақ іс жүзінде ауланғаны 196 мыңнан сәл асады. Себебі осы жұмысты мойнына алған «Охозоопром» мекемесі тек ет комбинаттарының сұранысына байланысты ғана жұмыс істейді. Ол да дұрыс, енді ауланған киіктің етін үлгертіп алу керек қой. Экология министрлігінің мәліметінше, былтыр еліміз бойынша киіктердің саны шамамен 4 миллионға жеткен. Бұл 1974 жылғы тарихи максимумнан үш есе көп, ол уақытта киік саны шамамен 1,2 миллион болыпты. Сондықтан алаулатып-жалаулатып, киешілдер мен зооқорғаушыларды шулатып жүріп, 196 мың киік аулағаннан мәселе шешілген жоқ. Бұл әшейін теңізден бір қасық су көсіп алғандай ғана дүние. Енді биыл төлдеген соң олардың саны 5 миллионға жетуі кәдік. Мамандар болжамы осындай. Зоология институтының сараптамасына сәйкес Қазақстанның экожүйесі үшін киіктің оңтайлы саны 800-900 мың болуға тиіс. Қазіргі популяция бұл межеден үш есе артық. Ғалымдардың пікірінше, мұның соңы жайылымдардың деградациясына, эпизоотия қаупінің күшеюіне соқтыруы мүмкін.
Дәл қазір ресми мәлімет бойынша Қостанай облысының аумағында 400 мыңға жуық киік жүр. Бірақ мал қарап, егін салып уақытының денін маң далада өткізетін шаруалар ақбөкен мыңдап емес, миллиондап өріп жүр дейді. Әрине, санамаған шығар, алайда көзбен көргенде сондай әсер қалдырса керек.
Тапталған егіс, еш кеткен еңбек
Арқалық қаласына қарасты шаруашылықтар биыл 320 мың гектар алқапқа дәнді дақыл септі. Топырақтың ылғалы жақсы, мол өнім алуға мүмкіндік бар. Бірақ диқандар енді көктеп келе жатқан егін қаптаған киіктің тұяғының астында тапталып қала ма деп алаңдайды. Жергілікті шаруа Сабыржан Бекешевтің айтуынша, былтыр солай болған.
– 1200 гектарға бидай ектім. Әдемі қаулап өсе бастағанында өнімнің жартысын киік жоқ қылды, – дейді ол. – Егер киік болмаса, гектарына 20 центнерге дейін өнім жинайтын едік. Ал іс жүзінде алғанымыз 11 центнер ғана. Яғни киіктің кесірінен өнімнің тең жартысынан айырылдық. Бұл деген қып-қызыл шығын ғой?! Биыл да сол жағдай қайталануы әбден мүмкін.
Қауіпті сезіп-біліп отырғанымен шаруаның егін салмасқа лажы жоқ. Көктемгі дала жұмыстары үшін арзандатылған жанар-жағармай, несие алды. Өйткені өзінің, шаруашылығында жұмыс істейтін адамдардың отбасын асырап отырған кәсібі. Ауыл шарушылығы азық-түлік қауіпсіздігі үшін де маңызды сала ғой. Сондықтан бұл шаруалардың ғана басындағы қиындық емес. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігіне де қатер төніп тұр. Алайда дәл қазір киікке тосқауыл қояр амал жоқ. Оны сала мамандары да мойындайды. Тек егін алқаптарын сақтандыруға кеңес береді. Соның өзінде киіктен келген шығынды есептеудің өзі қиын. Оны тіпті аэроғарыш мониторингі де нақтылай алмайды. Өйткені тапталған алқапқа қайтадан көк шығуы мүмкін.
– Киіктерден келетін шығындарды есептеу бойынша әдістеме әлі жоқ. Енді дайындалып жатыр. Сондықтан әзір шығынды төлеу қарастырылмаған, – дейді облыстық ауыл шарушылығы басқармасының бас маманы Кенжеқозы Жұмандықов.
Сиырға ауру қайдан жұғып жатыр?
«Киіктен деп күдіктенеміз». Жангелдин ауданындағы «Сыма» шаруа қожалығының басшысы Манат Кәрбозов осылай дейді. «Өйткені киік деген малмен бірге жайылып, төңіректе қаптап жүр» дейді ол.
Жангелдин ауданында ірі қара малдың ауызына ойық жара шығып ауруы көбейген. Бірлі-жарым өлгендері де бар. Жергілікті тұрғындар мұны аусыл дерті ме деп күдіктенеді. Бірақ әлі нақты диагноз қойылмаған соң, тап солай деп кесіп айту қиын. Бейресми мәлімет бойынша ауданға министрліктен, облыстық ветеринария басқармасынан мамандар келген, ауру мал мен өлген киіктен сынама алынған. Енді зертханалық сараптама жүргізілген соң нендей ауру екені нақтылануы керек.

– Киіктің де ауырып, өліп жатқандары бар. Қыстай қырылды. Қалды оның бәрі. Киікті бағатын жауапты мекемелер бәрін көріп-біліп отыр. Бұлар індетті тасымалдаушылар ғой. Енді мемлекет киікке бір шешім шығаруы керек. Әйтпесе жағдай мүлде қиындап кетуі мүмкін, – дейді Манат Кәрбозов. – Негізі малға уақытында вакцина егілді. Барлық алдын алу шаралары жүргізілді. Ауру басталғалы ветеринар мамандар дер кезінде келіп, жылдам көмек көрсетіп жатыр. Әзірге менің малым аман, бірақ басқа шаруашылықтарда шығын бар.
Қазір ауданда ауырған малды емдеу мен далада өлген киіктерді жинау жұмысы жүріп жатыр. Мал иелері дәрі-дәрмек сатып алып ауырған түліктеріне өз беттерінше де ем жасап жатқандарын айтады. Жергілікті жұрттың айтуынша, сұраныс артқасын облыс орталығындағы ветеринарлық дәріханаларда қажетті препарататтардың кейбір түрлерінің тапшылығы да байқалған. Яғни дәрі жеткіліксіз, әрі қымбат.
Киіктің мәселесі Мәжіліске де жетті
Күйіп тұрған киік мәселелсі Парламент мінберінен де айтыла бастады. Мәжіліс депутаты Альберт Рау:
«Жағдай өте күрделі. Фермерлердің дабыл қағуы негізсіз емес, 70-ші жылдардағыдай пастереллездің нақты қаупі бар. Киік санын реттеуден басқа амал жоқ. Қоршаулар бұл мәселені шешпейді. Сондай-ақ бұл енді тек ауыл шаруашылығына ғана төнген қауіп емес, нағыз эпидемиялық қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты Экология министрлігінің алдында киіктердің санын қолдан реттеу қажеттілігі мәселесін қайта көтеріп отырмыз», – деді.
Бірақ бұл мәселеде депуттардың да пікірі әртүрлі. Ал табиғат қорғаушылары популяция табиғи жолмен реттелуге тиіс деп міз бақпай отыр. Киіктің шектен тыс көбейгенін көзбен көрсе де тас кенеше жабысып осы ұстанымнан айнымайды. Киіктен шығын келсе шаруаларға оны мемлекет өндіріп берсін дейді. Бірақ бұл ақылға қонбайтын дүние. Біріншіден, қауіпті көріп отырып шаруаны шығынға батырып, сосын оны төлей салатын мемлекеттің қазынасында есепсіз қаржы жоқ. Тіпті бұлай көрініп тұрған қауіпті сақтандырып, шығынға бататын сақтандыру компаниялары да ақымақ емес. Олар мұндай ессіз тәуекелге бармайды.
Мәжілістің тағы бір депутаты Берік Бейсенғалиев те «киелі» деген сөзді алға тартып, шаруаға орасан зор зардабын тигізіп отырған киік мәселесіне көз жұма қарауға болмайтынын айтты. Бірақ депутат сауалына Экология вице-министрі тұщымды жауап бере алмады. Киік мәселесіне байланысты Берік Бейсенғалиевке жолданған хатқа Ырғыз-Торғай өңіріндегі 126 шаруашылықтың басшылары қол қойыпты.

Мәселе Парламент деңгейінде көтерілгенімен әзір нақты шешімі жоқ. Оқиға әрі қарай қалай өрбитіні де беймағлұм. Сөйтіп даланың киесі саналған киік, бүгінде қоғамның күйігіне айналып барады.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
