Ұлы Жеңіс мерекесіне орай «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы редакция ұжымы атынан ардагер журналист, майдангер, Қостанай облысының құрметті азаматы Қасымхан Алдабергеновтің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Ғасырлық ғұмырында елге елеулі еңбек сіңірген абыз ақсақалмен жүздесу барысында бас редактор ардагерге редакция ұжымының ыстық ықыласын жеткізіп, алдағы мерейлі белес туралы да айтып өтті.
«Сіз – «Қостанай таңы» газетінің шежіресіне есімі алтын әріппен жазылған тұлғасыз. Қара шаңырақ басылымның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қостыңыз. Келер жылы ғасырдан асқан тарихы бар газетіміздің 105 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Сол қуанышты күнге аман-есен жетіп, газетпен бірге жасай беріңіз. Сіздің өмір жолыңыз бен еңбек мектебіңіз кейінгі буын журналистер үшін әрдайым өнеге», – деді Кенжеш Оразғалиқызы.
Қарт майдангер ақ батасын беріп, бүгінгі басылымның бағытына ризашылығын білдірді.
«Газетті үнемі оқып отырамын. Мазмұнды, салмақты дүниелер жарияланып жатыр. Өңірдің тыныс-тіршілігін кеңінен қамтып, оқырманның ойынан шығып келеді. Осы бағыттан таймай, елге қызмет ете берсін. Қаламдарың мұқалмасын, бірліктерің бекем болсын», – деп ақжарма тілегін арнады Қасымхан ата.
Кездесуде редакция атынан ардагерге қаржылай сый-сияпат табыс етілді.

Қасымхан Алдабергенұлы 1943 жылы әскер қатарына алынып, соғыста Еуропаны азат ету шайқастарына қатысқан майдангер. Бейбіт өмірде ұзақ жылдар ұстаздық етіп, мәдениет пен журналистика саласында жемісті еңбек етті. Облыстық «Қостанай таңы» газетінде 23 жыл табан аудармай қызмет атқарып, өңір журналистикасының дамуына зор үлес қосты. Сонымен қатар ақын, жыршы-термеші ретінде ел руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірді. Бүгінде өнегелі әулеттің ақсақалы, кейінгі ұрпаққа ақылын айтып отырған абыз қария.
Ардагер ақсақал редакция ұжымына ақ батасын беріп, елдік мүддеге қызмет етіп жүрген қаламгерлерге шығармашылық табыс тіледі.
