Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ахаң атындағы білім ордасының әскери кафедра студенттері әскери сапқа тұрды. Салтанатты жиында 189 студент Қазақстан Республикасына адал болуға ант беріп, Отанға қызмет етуге және ұлттық мүдделерді қорғауға дайын екендерін растады. Рәсім белгіленген әскери дәстүрлерге сәйкес ұйымдастырылды. Ант қабылдау барысында жеке құрам сапқа тұрғызылып, Мемлекеттік Ту салтанатты түрде шығарылды, Мемлекеттік Әнұран орындалды. Салтанатты рәсімге студенттердің ата-аналары, оқытушылар мен құрметті қонақтар қатысып, жас буынның үлкен өмірге қадам басқан сәтіне куә болды. Әрбір ант сөзінде елге деген адалдық, Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік айқын сезілді.

Әскери кафедра 2016 жылы құрылған. Содан бері жүзден астам түлек еліміздің қорғаныс саласында абыроймен қызмет етіп келеді. Биыл университеттің әскери кафедрасын 189 студент тәмамдағалы отыр. Оның ішінде 108 жас «запастағы офицер» бағдарламасы бойынша білім алса, 81 студент «запастағы сержант» ретінде даярланған. Ерекше атап өтерлігі, биыл 19 қыз бала да әскери ант қабылдап, Отан қорғау ісіне өз үлестерін қосуға дайын екендерін көрсетті.

«Бүгін біздің әскери кафедра және жалпы университет үшін маңызды оқиға өтіп жатыр. Әскери кафедрада білім алған студенттер әскери ант қабылдады. Кез келген азамат үшін әскери ант беру – өміріндегі ең жауапты әрі сындарлы сәттің бірі. Біз мұны мақтан тұтамыз», – деді оқу ордасының ректоры Сейітбек Қуанышбаев.

Ант қабылдау әскери жолдың бастауы ғана. Бұл сәттен кейін болашақ офицерлер мен сержанттар арнайы оқу-жаттығу жиындарына аттанады. Алған білімдерін іс жүзінде шыңдап, төзімділіктері мен тәртіптерін нығайта түседі.

«Әскери кафедраның құрылғанына биыл он жыл толып отыр. Бұл – оқу орны үшін де, әскери даярлық жүйесі үшін де маңызды белес. Кафедраға университеттің 1 және 2 курс студенттері қабылданады. Білім алу ақылы және грант негізінде жүргізіледі, ал оқуға түсу үшін арнайы іріктеу талаптары қарастырылған. Айта кету керек, сержанттар құрамы толықтай ақылы негізде білім алады. Ер балалармен қатар қыздар да әскери даярлықтан өтуге тең мүмкіндікке ие. Ақылы бөлімде оқитын студенттер жылына шамамен 250 мың теңге көлемінде төлем жасайды. Оқу мерзімі де бағдарламаға байланысты: болашақ офицерлер екі жарым жыл білім алса, сержанттар бір жарым жыл ішінде даярланады. Оқу аяқталған соң түлектер негізгі дипломымен қатар әскери кафедраның арнайы дипломын да иеленеді. Ал белгілі бір себептермен оқуын аяқтай алмаған студенттерге әскери кафедра бойынша ешқандай куәлік берілмейді. Сабақтар аптасына бір рет өткізіледі. Теориялық білім тәжірибемен ұштасып, студенттердің әскери дағдыларын қалыптастыруға бағытталған», – дейді запастағы подполковник Андрей Зимоглядов.

Бүгін сап түзеп, әскери ант қабылдағандардың қатарында ер жігіттермен иық тірестіре тұрған қыздар да бар. Солардың бірі – Назерке Танкаева мен Асылайым Шалдарбек. Назерке Танкаева – болашақ педагог. Алайда оның бала күнгі арманы әскери салада қызмет ету еді. Осы мақсатпен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне оқуға түскенде, мұндағы әскери кафедра туралы алдын ала біліп келген. Құжаттарын тапсырып, іріктеуден сәтті өтіп, грант негізінде оқуға қабылданған.

«Мен қаладағы С.Мәуленов атындағы гимназияны бітіріп, мұғалім боламын деп оқуға түстім. Бірақ шын мәнінде әскери салаға қызығушылығым басым болды. Әскери кафедраға түсу аса қиын болған жоқ. Екі жыл білім алдық, енді оқуымды аяқтаған соң әскери дипломымды да қолыма аламын», – дейді Назерке.

Ал Асылайым Шалдарбек – болашақ ветеринар маман. Ол Шымкент қаласынан арнайы келіп, бүгінде әскери кафедрада грант негізінде білім алып жүр. Оның да мақсаты болашағын әскери қызметпен байланыстыру.

«Мен Шымкенттен келдім. Кафедрада грант бойынша оқып жатырмын. Аптасына бір рет сабаққа келеміз, әскери дайындықтан өтеміз. Бұл салада қыздарға да үлкен мүмкіндік бар. Ең бастысы өзіңе деген сенім. Алдағы уақытта өмір жолымды осы бағытта жалғастыруым мүмкін», – дейді Асылайым.

Назерке мен Асылайымның таңдауы – бүгінгі қазақ қыздарының тек білім алып қана қоймай, ел қауіпсіздігіне де үлес қосуға дайын екенін көрсетеді.

«Бүгінгі күннің маңызы ерекше. Мен өзім 25 жыл Қазақстан Қарулы Күштері қатарында қызмет еттім. Зейнетте болсам да қазір сол тәжірибемді жастарға үйретіп, оларды тәрбиелеуге атсалысып жүрмін. Әскери кафедрада білім ала отырып, студенттер әскери саланың әртүрлі бағыттарын таңдап, өз болашағын айқындай алады», – дейді аға оқытушы, запастағы подполковник Асылбек Кибеков.
АЙТОЛҚЫН АЙҚАДАМОВА
