Соғыс салған жара – ұрпақ жадында

Соғыс салған жара – ұрпақ жадында

blank

Адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі – сұрапыл соғыс жылдары. Бұл қиын-қыстау майдан даласында ғана емес, ел ішінде қалған халықтың да тағдырына өшпес із қалдырды. Соғыс жылдарында балалық шағы ұрланып, ерте есейген ұрпақтың тағдыры – бүгінгі буын үшін үлкен сабақ.

Менің балалық шағым соғыстың ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді. Сол бір зұлмат жылдары әкем мен ағам Отан қорғауға аттанып, туған жерге қайта оралмады. Отбасының бар ауыртпалығы анамның иығына түсті. Төрт баланы жалғыз өзі жеткізуі – қайсарлық пен төзімділіктің нағыз үлгісі.

Соғыс басталғанда небәрі жеті жаста едім. Бала болсақ та, колхоз жұмысына ерте араластық. Қарын тойып ас ішпедік, бірақ еңбек етуден қашпадық. Қозы бағып, егін егісіне көмектестік. Оқуымыз да оңай болған жоқ, оқу жылы кеш басталып, ерте аяқталатын. Сабақ аяқтала салысымен ауыр жұмысқа жегілетінбіз. Балалықтың қызығын көрмей, еңбекпен есейдік.

Сол кезеңде біздің буын үшін «балдәурен балалық шақ» деген ұғым болмады. Қиындыққа мойымадық, қайта шыңдала түстік. Елге адал қызмет етуді өмірлік ұстаным еттік. Анамыздың табандылығы бізге күш берді. Ол кісі жалғыз өзі еңбек етіп жүріп, төрт баласын оқытып, жоғары білім алуға жол ашты. Бізді адам қатарына қосып, елге пайдалы азамат етіп тәрбиеледі.

Мен де білім жолын таңдап, Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институтын тәмамдадым. Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, жас ұрпақты тәрбиелеуге өз үлесімді қостым. Мұғалімдік жолда да қиындықсыз болған жоқ, оқушылармен бірге еңбекке араласып, ел игілігі үшін қызмет еттік.

Бүгінде мен «Еңбек ері» және «Тыл ардагері» атақтарының иесімін. Бұл – өткен өмірдің елеулі бағасы. Дегенмен, қазіргі зейнетақының аздығы, әлеуметтік жеңілдіктердің жеткіліксіздігі көңілге қаяу түсіреді. Осындай қиын кезеңдерді бастан өткерген жандарға мемлекет тарапынан лайықты қолдау болса деген тілек бар. Басқасы демесек те, коммуналық төлемдерге жеңілдік болса деймін.

Біздің көргенімізді кейінгі ұрпақ көрмесін. Жастарға айтарым – бейбіт заманның қадірін біліңдер. Білім алудан жалықпаңдар, адал еңбек етіңдер. Сабыр мен шүкіршілік – адамды биікке жетелейтін қасиеттер. Бастысы – елімізде ешқашан соғыс болмасын, жұртымыз аман, аспанымыз ашық болсын!

 

                                                                       Бибіш РАҚЫМЖАНҚЫЗЫ,

                                                                                                         зейнеткер