Қазақ қасиет тұтқан бесіктің пайда болуы туралы әртүрлі аңыз бар. Соларға зер салсақ, бұның бүкіл әлемге ортақ бұйым екенін анық аңғарамыз. «Ақ бесік – бақ-несіп» айдарында бүгін ақын, ғалым Серікбай Оспанұлы жиып-терген аңыз-әпсаналардың бірсыпырасын жариялап отырмыз.
***
Қасиетті Құран кәрімде сәби дүниеге шыр етіп келгеннен бастап, дүниеден зыр етіп өткенге дейінгі аралықта нелер жасалуы керек екеніне байланысты тақырыптар қозғалады. Соның бірі һәм бірегейі – нәресте өмірге келген сәтте қолданылатын рәсімдер. Сәби дүние есігін ашқан кезде алыс-жақынға ат шаптырып, сүйінші сұрау дәстүрі бар… Алла Тағала Иса пайғамбар туралы мынадай аят түсірген: «Сондай-ақ ол бесікте де, ересек-егде шағында да адамдармен тілдеседі әрі ізгі жандардың бірі болады». Осы аяттағы «мәһд» деген сөзді көп тәпсіршілер «бесік» деп түсіндірген. Араб тілінен аударғанда, бұл сөздің түбірі «төсеу», «түзету» деген мағыналарды білдіреді. Түсіндірмелі сөздіктерде бұл сөз «баланың тыныш ұйықтауы үшін әзірленетін арнайы орын» деп түсінідірілген. Ибн Ашур деген ғалым өз тәпсірінде аталмыш аятты түсіндіру барысында «мәһд» сөзіне мынадай анықтама береді: «Сандыққа ұқсайтын ағаштан жасалған, қақпағы жоқ бұйым. Ол – сәбидің сүт еметін шағында жататын орны. Құлап қалмауы үшін бала соған салынып қойылады», дейді. Міне, бұл анықтама қазақтың мыңдаған жылдардан бері қолданып келе жатқан бесігіне өте ұқсас. Сондықтан кезінде Мәриям анамыз Иса Пайғамбарды босанғанда, көп кешіктірмей оны бесікке бөлеген. Өйткені елі оны күнәлі, азғын іс жасадың деп айыптап жатқанда, ол бір ауыз тіл қатпай, бесіктегі баланы нұсқады деген мағынадағы аятты Құраннан кездестіруге болады…
Діни аңыздарда бесік жырын ең алғаш орындаған Хауа ана деп айтылады. Бірде ол егіз ұлын жұбата алмай, қиналып отырады. Сол кезде көктен жеті періште түсіп: «Алла, Алла, Алла», – деп, Алланың атын әдемі әуезге салып әндетеді. Әдемі әуенге елтіген Хауаның бөбектері жұбанып, тәтті ұйқыға кетеді. Ән анасына да ұнап қалады. Ол періштелерге: «Маған да үйретіңдер», – деп өтінеді. Періштелер Хауаға жеті күн бойы әлди әуендерін үйретіпті. Кейін Хауа ана өзінің барлық балаларын сол әнмен тербетуді әдетке айналдырады. Бұл әуез дами келе бесік жырына айналған екен. Қазақтағы «Әлди, әлди, әлди-ай» деп басталатын бесік жырының төркіні Хауа ананың «Алла, Алла, Алла-ай» деген әуеннен шыққан деседі.
***
Аңыз бойынша, алғашқы бесік Жетісу мен Алтайды мекен еткен Айдархан бидің кезінде пайда болған. Айдархан бидің әкесі еліне елеулі Мизам баба қазақ даласына ағаш егумен айналысыпты. Ол ұзақ ғұмыр кешіп, 150 жасқа жетіп дүниеден өтіпті. Мизам бабаның о дүниелік болғанын естіген қытайлықтар көре алмаушылықпен елінің орман-тоғай, бау-бақшасын өртеп жіберіпті. Мизамның ұлы Айдархан би алыс сапарға кеткен екен. Ол түсінде ауылын көреді. Бір сұмдықтың болғанын сезіп, ат басын ауылына бұрады. Келіп жеткенде шөл далаға айналған төңіректі көріп, қатты қайғырады. Арада жылдар өтіп, үйленеді. Жары ұл туады. Нәресте бір күні жылап, уанбай қояды. Оған шартараптан атақты емшілер де көмектесе алмайды. Бала шыр-шыр етіп жылай береді. Бір күні баласы жылауын қояды. Әкесі қуанып жүгіріп келсе, оны ақ шапан киген бір қария өрттен аман қалған сынық бұтақтарға жатқызып тербетіп отыр екен. Айдархан би жақындай бергенде, ақсақал адам ғайып болады. Айдархан оның орнында қалған ағаш бұтағынан бесік жасайды.
Осы аңыздың төмендегідей тағы бір нұсқасы бар:
Сонау ықылым замандарда бесікке бөлеу, бесік жырын айту дәстүрі болғанына дәлел көп. Қобыланды батыр жырында «Алтыннан бесік қойдырып, ақ торғынға бөлеген» деген тіркестермен қатар, «Еңлік-Кебек» жырында бесік құда болғаны жыр мәтінінде айтылады. Бұдан өзге де бесіктің ықылым замандардан бар екенін, түп-тамыры тереңде жатқанын дәлелдейтін аңыз-әфсаналар жетерлік.
Солардың бірі – бесіктің алғаш жасалуы Айдаһар би заманында болған деседі. Ол кезде ұлан-байтақ даланы Мизам баб қорғаса керек. Мизам баб –Айдаһардың әкесі. Ағаш егіп, бау-бақша салуды кәсіп етеді. «Салт-дәстүр сөйлейді» жинағының жазуынша, «ағаштың пірі – Мизам баб» деген осыдан қалса керек. Жетісу мен Алтай аумағын мекен еткен Мизам Сарыарқаға көз салған қара қытайларды елге жолатпаған. Жүз жыл жасаған Мизам дүниеден өткен соң қытайлар бір-ақ күнде бау-бақшаны тегіс өртеп жібереді. Жорықта жүрген баласы Айдаһарға әкесі аян беріп, «Пейілі тар қаскүнем менің орманымды өртеді» дейді. Баласы келсе, орман түгелімен жанып кеткен. Тек бірлі-жарым тобылғының қисық бұтақтары қалыпты. Осыны алып, аттанып кетеді. Бір күні Айдаһардың баласы тоқтамай, жылай берсе керек. Баласының жылағанына шыдамай, Құдайдан медет тілейді. Осы кезде қызының үні басылып, тыныштала қалады. Қараса, бір адам баланы тобылының бұтағына салып, әлдилеп отыр екен. Бұл көктен келген ишарат деп ұкқан би дереу тобылғының бұтақтарынан бесік жасайды. Бесіктің пайда болуы туралы аңыздардың түбірі осыған келіп тіреледі.
Содан бері қазақ үшін тобылғы касиетті, киелі ағаш саналады. «Бесікті отқа жақпа», «аяқасты етпе», «кадірлеп ұста» деген ырымдар осыдан кейін айтылған. Тобылғы бесікте тербелген сәби «арыстандай топ жарады, жолбарыстай жол тосады» деп ырымдайды. Бесік қазақтың ғана меншігі емес. Еуразия аймағындағы барлық халық пен ұлттардың тарихына сіңген дәстүр, ұлттық бұйым. Орталық Азия, Кавказ, Үндістан, Қытай және Түркия жерін мекендейтін халықтардың басым көпшілігі бесікті пайдаланған. Жасалу мәнеріндегі кейбір айырмашылықтар болмаса, бастауы бір бесік. Бертінде бесікті тобылғыдан ғана емес, қарағай, қайыңнан да жасай бастады.
