Қостанай облысында биоэтанолды негізгі шикізат ретінде пайдаланатын экологиялық тұрақты авиациялық отын өндіретін зауыт салынады.
Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов хабарлады.
«Сонымен қатар, экологиялық таза отын түрі – биоэтанол өндіру бойынша инновациялық жоба да жүзеге асырылуда. Астанада өткен RES 2026 EXPO жасыл технологиялар және тұрақты шешімдер халықаралық көрмесі аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «KazFoodProducts» ЖШС және америкалық KBR компаниясы Рудный қаласында тұрақты авиациялық отын (SAF – Sustainable Aviation Fuel) өндіретін зауыт құрылысының базалық жобасын әзірлеу туралы келісімге қол қойды», – деді облыс басшысы.
«Жасыл» энергетика саласындағы тағы бір жоба – қуаттылығы 1000 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы.

Жобаны «Turan Wind Energy» ЖШС жүзеге асырады. Құрылыс аясында 160 жел генераторын орнату жоспарланған.
» Ең маңыздысы – жел электр станциялары биоэтанол және авиациялық отын өндіретін зауыттарды энергиямен қамтамасыз ететін болады. Жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыруға шамамен 620 млрд теңге бағытталады. Жаңадан 800-ге жуық жұмыс орны құрылады» , – деді әкім.
