Аймақта иесіз бөгеттер мәселесі балық шаруашылығымен айналысушылардың бас ауруына айналған. Кәсіпкерлердің айтуынша, ешбір мекеменің меншігіне алынбаған гидротехникалық құрылғыларды үшінші жыл қатарынан тасқын су бұзып жатыр. Олар жыл сайын өз күштерімен бөгеттерді бекіту үшін топырақ төгіп, техника жалдап, құрылыс материалдарын жеткізеді. Бірақ мұндай уақытша шаралардан нәтиже болмаған.
Соңғы көктемгі су тасқыны бірнеше жылдық еңбекті зая кетірген. Тоғанға жіберілген шабақтар мен өсірілген балық өзенге ағып кетті.
Денисов ауданындағы «Ақсай» тоғанын пайдаланушы Дарья Редкоус жағдайдың жылдан-жылға қиындап бара жатқанын айтады. Оның сөзінше, бөгетті күшейтуге мемлекет тарапынан ешқандай қолдау қарастырылмаған. Сондықтан кәсіпорын жыл сайын меншігіне жатпайтын бөгетті өз қаражатына қайта қалпына келтіруге мәжбүр. Соның салдарынан балықты толық көлемде өсіруге кедергі көп.
Ұқсас мәселе Алтынсарин ауданында да бар. «Қазақ» тоғанын пайдаланушы Мұрат Ысмағұловтың айтуынша, көптеген бөгет қараусыз қалған, ал бұл балық шаруашылығын дамытуға тұсау болып отыр.

«Бөгеттерді бекітуге қаржы қажет. Біздің кәсіптен түскен пайданың біраз бөлігі балықтың азығына жұмсалады. Оны бөгеп отыруға шамамыз жете бермейді», – дейді Мұрат Ысмағұлов.
Кәсіпкерлер ТЖД-ға да, жергілікті органдарға да жүгінгенімен, көбіне «өздеріңіздің мәселелеріңіз» деген жауап алған. Бірақ бөгеттер елді мекендердің де қауіпсіздік жағын қамтамасыз етіп отыр.
Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бөгеттерді күтіп-баптауға арнайы субсидия немесе жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылмағанын мәлімдеді. Себебі бөгет мәселесі балық шаруашылығынан гөрі су шаруашылығы саласына жатады. Яғни, су қоймасы жалға берілгенімен, оны ұстап тұрған нысанды ешкім елемей отыр.
Кәсіпкерлер палатасы мәселені жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қарауға дайын екенін жеткізді. Алайда бұл әзірге тек талқылау деңгейінде. Ал кәсіпкерлер нақты шешім күтеді.
Сарапшылардың пікірінше, мәселені шешудің жалғыз жолы – иесіз бөгеттерді толық түгендеп, коммуналдық меншікке өткізу. Кейін оларды сенімгерлік басқаруға балық шаруашылығы субъектілеріне беру немесе мемлекет есебінен жөндеу бағдарламасын іске қосу қажет. Әйтпесе, ауылдағы шағын тоғандар біртіндеп жабылып, өңірдегі балық шаруашылығы саласы құлдырауы мүмкін.
Гүлзада НҰРМАҒАНБЕТОВА
