Бірнеше жыл бұрын мерекелік күнтізбенің қатарына 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні қосылған болатын. Осынау кәсіби мереке қарсаңында мәртебелі қызметтің тұтқасын ұстап, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген адамдар жайында сыр шертудің өзі бір ғанибет. Науырзымдық Шахбұтовтар отбасы үшін бүгінгі мерекенің маңызы зор.
Мерген ағамыз бен Эльмира апамыз мемлекеттік қызметте 30 жылдай қызмет етіп, елдің алғысына бөленіп жүрген жандар. Туған жерде қалып, елдің дамуына үлес қосып келеді. Олар 4 ұлды тәрбиелеп отыр. Балалары да ата-ана жолын жалғап, Науырзым ауданының әр саласында қызмет етіп жүр. Үлкен ұлы Өмірзақ пен келіні Жадыраның тұңғыштары Санжар 2021 жылы 23 маусымда мемлекеттік қызметкерлер күнінде дүниеге келген. Бұл отбасында қос қуаныш жылда дәстүрлі түрде аталып өтеді. Бір қызығы, ортаншы ұлдары Рамазанның келіншегі Нұргүл де осы мереке қарсаңында дүниеге Жансұлтан есімді сәбиді әкелді. Мереке қарсаңында перзентханадан шықты.
Әулеттің отағасы Мерген Шахбұтов аудандық мұрағат басшысы. Жұбайы Эльмира Шахбұтова Алматы қаласының тумасы. Науырзым аудандық мәслихат аппаратының басшысы. Балалары Бауыржан Шахбұтов Қарамеңді ауылдық округі әкімдігінде бас маман, Рамазан аудандық әкімдіктің заң бөлімінің басшысы. Осы әулеттің келіндері де мемлекеттік қызметте.
Отбасы мүшелерінің басты ұстанымы – халыққа адал қызмет ету және еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғай білу. Әрине, бұл барлық мемлекеттік қызметшілердің мақсаты болуы шарт.
Отбасының шуағы 80-нен асқан аналары. Сол анасының батасын алып отыр. Мемлекеттік қызметтегі тұрақтылық – отбасындағы тұрақтылық. Әрбір отбасының жеке басының әл-ауқаты – қоғамдағы тұрақтылық пен мемлекеттің табысты дамуының негізі.
– Эльмира Нүсіпқожақызыәріптестерінің ортасында сыйлы, өз ісінің маманы. Тапсырылған жұмысты тиянақты орындайды. Көптеген жас мамандардың қызметке тұруына жәрдем беріп, тәжирбесін бөлісіп, көмек қолын созып жүреді. Осындай әулет мүшелері аудынымызда еңбек сіңіріп жатқанына қуанамыз. Ауылдан кетпей, елдің игіліне қызмет еткені көпке үлгі, – дейді әріптесі, Науырзым аудандық мәслихатының төрайымы Гүлсім Әбенова.
Мемлекеттік қызметші мәртебесін көтеріп, отбасылық құндылықтарды дәріптеп жүрген отбасы мүшелеріне қызметте сәттілік тілейміз.
Науырзым ауданы