Мемлекет дегеніміз – сіз бен біз, бүкіл ел, бүтін халық. Ендеше, мемлекеттік қызмет халыққа қызмет ету деген мағынаға саяды. Осынау жауапкершілігі зор, маңызды қызметті атқарып жүрген азаматтардың бірі – Мылтықбай Абдуайтов.
Кейіпкеріміздің есімі қалың оқырманға алдымен спортшы ретінде танымал. Облыстық, республикалық дүбірлі додаларда қазақ күресінен, самбо мен дзюдодан талай мәрте бақ сынап, жүлдегер атанды. Қазақ күресінен, самбо мен дзюдодан ҚР спорт шебері. Республика чемпионаттарында топ жарып, жүлдеге ие болды. Осылай тізбектей берсек, кете береді. Спорт саласындағы жетістігі өз алдына бір төбе.
Мылтықбай Абдуайтов Жанкелдин ауданына қарасты Милісай ауылының тумасы. Ауыл баласы кішкентайынан спортқа жақын болып өскен. Сол сүйіспеншілік есейе келе арманға айналып, алға қарай жетейлей түседі. Туған өлкесінде он бір жылдық мектепті аяқтаған соң, Арқалықтағы педагогикалық институтына оқуға түсіп дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша жоғары білім алады. Алғашқы еңбек жолын мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімінен бастаған. Әр жылдары түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, топ жарды. Осылайша, спорттағы жетістіктері мен тәжірибесі жинақтала берді.
Көрген-білгенді, көкейге түйгенді, жиған тәжірибеңді соңыңнан ерген толқынға үйрету де игі іс. Мылтықбай Жұмабайұлы қазақ күресі, самбо, дзюдодан өзі меңгерген ерекше әдіс-тәсілдерді жас спортшыларға үйретуді де ұмытқан жоқ. Икемі бар талапты жасөспірімдерді спортқа баулыды. Аталған салада әдіскер, оқытушы-жаттықтырушы болып еңбек етіп, мемлекеттік қызметте де бағын сынап көрді. Нәтижесі тәп-тәуір. Бүгінде Қостанай ауданындағы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.
– Мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі жоғары. Бұл салада еңбек етіп жүрген әр адам өзі үшін емес, әріптестері үшін, өзге де споршылар үшін жұмыс істейді. Бір ұжымның жауапкершілігі мойныңа артылады. Әр іске мұқият қарауды, табандылықты талап етеді. Менің мақсатым – Қостанай ауданының спорт саласының дамуына тамшыдай болса да үлес қосу. Осы саланың алға жылжуына, жоғары нәтижеге жетуіне үлесім тисе міндетімнің орындалғаны деп білемін, – дейді Мылтықбай Абдуайтов.
Қостанай ауданы