Соңғы кезде қазақ тілінде таза сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің қатары көбейді. Тіпті, кейбірі білім ошақтарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін деңгейге жетті. Бұл, біріншіден, тұрып жатқан жерге, елге, оның тіліне деген құрмет. Сосын жергілікті жерлердегі тілдерді оқыту орталықтарының жемісті еңбегінің арқасы. Қысқасы, атқарылған жұмыс көп, нәтижесі де қомақты.
Облыстық “Тілдарын” тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен “Тілге құрмет – елге құрмет!” атты аймақтық ашық есік күні өтті. Оның жұмысына Астана, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы тілдерді оқыту орталықтарының әдіскерлері, Тобыл өңіріндегі тіл жанашырлары қатысты. Бұл іс-шара республикада алғаш рет қолға алынып отыр.
Он жылдан бері жұмыс істеп жатқан “Тілдарын” тілдерді оқыту орталығының табысы қомақты. Осы уақыт аралығында орталық мамандары алты рет республикалық байқауда жеңіске жетті. Үш рет Бас жүлдені иеленген. Бұдан басқа жетістіктері аз емес.
-Биыл мамыр айында Атырау қаласында өткен “Үздік оқытушы” республикалық байқауында Гүлмира Қапенова жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Ол кісі бүгін өзінің сол әдіс-тәсілдерін ортаға салды. Бұл қазақтың бай тілін жан-жақты, терең үйретуде үлкен көмек болары сөзсіз. Жалпы, он жылдың ішінде мемлекеттік тілді меңгеремін деген жандардың қатары ұлғайды – дейді облыстық “Тілдарын” тілдерді оқыту орталығының басшысы Тоты Айтмағамбетова.
Ең бастысы, мемлекеттік тілді түрлі қызықты әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқыту тілді меңгергісі келетіндердің қызығушылығын оятты дейді мамандар. Негізгі миссия – мемлекеттік тілді мейлінше дамыту, көркейту. Оны танымал ету. Сондықтан, тілдерді оқыту орталықтары бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бүгінгі тәжірибе алмасу соның бір жарқын мысалы іспетті.
– Біз өзіміздің тәжірибемізді жұртпен бөлісеміз. Олардан қажетімізді аламыз. Мен мұнда өзім зерттеген екі әдістемелік құралымды алып келдім. Оның алғашқысы – ағылшын және орыс тілді аудиторияға арналған салыстырмалы оқу әдістемесі. Екіншісі ассоциативті тәсіл. Өйткені, бізде әлі күнге дейіни қазақ тіліндегі бірегей әдістеме жоқ. Сондықтан, орыс, ағылшын тілдеріндегі тәсілді қазақ тіліне қолдану арқылы тіліміздің даму аясын кеңейтуді ойластырып отырмыз. Мәселен, кез келген сөйлем ағылшын, орыс тілінде предлог арқылы берілсе, біздің тілімізде септік жалғаулар көп рөл атқарады. Бір мысал келтірейін, орыс тілінде “я поеду в город” деген сөйлем ішіндгі “в” – предлог. Ал ағылшын тілінде “I m going to the city” дегендегі to біздіңше ға деген септік жалғауына келеді. Бұл мысалдарды салыстырмалы түрде беру барысында тіл үйренуші қазақ тілінің жалғамалы тіл екендігіне көз жеткізеді. Яғни, тілді оқыту барынша жеңілдей түседі, – дейді Астана қаласындағы Ш.Шаяхметов атындағы “Тіл-Қазына” ҰҒПО Әдістеме басқармасының аға ғылыми қызметкері Айнұр Орманова.