Әжейлер қалай алданды? Алаяқтар бұрынғы әдіске көшті Hacker touching a smartphone screen, isolated on white background

Әжейлер қалай алданды? Алаяқтар бұрынғы әдіске көшті

Интернеттегі алаяқтар бұрынғы әдіске қайта көшті. Олардың басты көмекшісі – үй телефоны. Тұрғындарға жақыны (туысы, баласы, немересі, т.б.) ретінде қоңырау соғады да, қиын жағдайға тап болғанын айтып алдап соғады. Кейінгі он күнде қостанайлықтар 50 миллион теңгесінен айырылған.

Қостанай қаласы полиция басқармасының бастығы Болат Имановтың айтуынша, қулығына құрық бойламайтындардың бұл әдісі он бес жыл бұрын пайда болған. Алаяқтардың арбауына түскендерді көбі – зейнеткерлер. Өйткені, олар үйдегі телефонды жиі пайдаланады.

Алаяқтардың әрекеті былай өрбиді: қарт кісінің үйіне хабарласып, өзін полиция қызметкері деп таныстырады да, жақын адамы жол апатына кінәлі болғанын және қазір зардап шеккендерді емдеуге немесе істі жабу үшін ақша қажет екенін айтады. Қоңырау шалушылар зейнеткерлерді арбаудың барлық амалын қарастырып қойған.

«Жақында бір алаяқ қарт әжейдің немересі сияқты телефонмен жылап сөйлесіп, басы үлкен бәлеге қалғанын айтыпты. Ол: «Мен немеремнің дауысын танымай тұрмын» десе, алаяқтың қасындағы полицей кейпіндегі серіктесі: «жол апатында тілініп кеткен ерні тігілген, сондықтан қазір оның сөзі сәл түсініксіз», – деп алдап соғыпты. Сөйтіп, қарт кісіге нұсқаулар беріп, ақшаны өздерінің «курьері» арқылы алып кеткен», – деді Қостанай қаласы полиция басқармасының бастығы Болат Иманов журналистерге берген сұхбатында.

Бірақ олар әуелі 10 миллион теңге төлеуді талап еткен. Зейнеткер қолда бар 500 мыңды санап берген. Оған ақшаны шүберекке түйіп, пакетке орап, ақшаны өз қолымен ұстатқан.

«Интернеттен оңай табыс іздейтін студенттер мен оларға берілетін табыс схемаларын білеміз. Оларға қоңырау шалатын адамдар хабарласып, егер курьер қызметін көрсетсе, әр сомадан 10% алады деп түсіндіреді. Ал курьер болып жүрген жастар алаяқтық әрекет жасап жатқанын біледі. Ұсталса қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деді Қостанай облысы ПД криминалдық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы Олжас Мағыпаров.

«Өткен 10 күнде қала аумағында осындай жиырмадан астам факт тіркелді. Келтірілген шығын көлемі 50 миллион теңгеден асады. Он бес фактіні анықтай алдық. Ақшаның белгілі бір бөлігін тәркіледік. Бір адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, қалғанын ешқайда шықпау туралы қолхатпен жібердік», – деді Болат Иманов.

Зейнеткерлерден алынған ақшаның көп бөлігі терминалдар арқылы негізгі «жұмыс берушілердің» шоттарына аударылған. Олардың орналасқан жерін бақылау қиын. Бірақ, полицияның пайымдауында қоңырау шалатын алаяқтар көршілес елдерден болуы мүмкін. Себебі, олар қазақ тілін білмейді, тек орысша сөйлесетін азаматтарды алдап жүр.

Қазақстанда алаяқтық әрекетке қатысқаны үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Кінәсі дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Алаяқтарға алданбай, қырағылық танытқан қостанайлықтар да бар. Таяуда бір қарт сондай оңай ақша табушыны ұстап берген.

«Оған қоңырау шалғанда, «иә, ақшаны алуға келе қал» депті. Сол мезетте ол учаскелік полиция инспекторына қоңырау шалып үлгерген. Ақшаны алып кетуге барған дропперді ұстап алдық», – деді Қостанай қаласы полиция басқармасының бастығы Болат Иманов.

Киберқылмыспен күресіп жүрген полицейлер мұндай фактілер биыл ғана өршіп тұрғанын айтады. Өткен жылы аймақта мұндай схема бойынша бірде-бір алаяқтық тіркелмеген.

Жаңалықтармен бөлісу