Жәдігерлер қалай сақталады?

Жәдігерлер қалай сақталады?

Көнеден келе жатқан  Толстой кітапханасының ғасырлық тарихы бар екенін білеміз. Онда елу мыңнан астам кітап қоры сақтаулы. Осынау қазынадан сыр шертетін газет-журналдар қаншама… Мәдени орынның ең көне жәдігерлері он тоғызыншы ғасырдың еншісінде екенін біреу білсе, біреу білмес.

Өлкетану әдебиеттері бөлімінің менгерушісі Алматай Тойманқызы қара шаңыраққа екі мыңнан астам оқырман бас сұғатынын айтып отыр.

“Бізде екі мыңнан астам оқырман тіркеуде тұр. Олардың күніне жүзі келіп, жүзі кетеді. Әртүрлі жанрдағы кітаптар мен журналдарды ақтарады.  Күнделікті газеттерді оқып, өздеріне қажетті ақпараттармен танысады. Оның сыртында көптеген қызықты вебинарлар мен  интелектуалды іс-шаралар өтеді. Онда оқырман қауым өздерінің сүйікті танымал тұлғаларымен кездеседі. «Оқымыстылар ортамызда» жобасымен  түрлі тақырыпта экскурсиялар өткізіледі”, – дейді  ол.

Кітапхананың өлкетану мұражайындағы ақпараттық әдеби секторының меңгерушісі Алексей Колюсюкпен де жолықтық. Ол кісі бұл жердің жалпы солтүстік өңірдегі тарихы мол орын екенін айтып жатыр.

“Мұнда екінші дүниежүзілік соғыс кезінде табылған әртүрлі жанрдағы шығармалар   сақтаулы. Олардың дені 18-20 ғасырларға тиесілі. Бұл кішкентай қалталы кітаптарды лупаның  көмегімен ғана оқуға болады”, – дейді Алексей.

Осы мәліметтердің ғасырдан-ғасырға сақталуын өлкетану әдебиеті бөлімінің мәліметтер базасының бас әкімшісі Раиса Борисенконың бөлімі қамтамасыз етеді.

Газет-журналдар мен көне кітаптардан алынған өлкетану материалдары РАБИС кітапхана бағдарламасындағы библиографиялық сипаттамаларға сканерленіп, бекітіліп отырады. Толық мәтінді мәліметтер базасына кітапхананың электрондық каталогы арқылы қол жеткізуге болатынын білдік.

«Оқырман өлкетану материалын таңдау үшін электрондық каталогпен библиографиялық жазбаларды қарап, мәтіннің белсенді жолын табу арқылы әдебиеттер тізімін көре алады. Таңдалған жазба сканерленген құжатқа ауысады. Бұл әдіс оқырманның уақытын айтарлықтай үнемдейді», – дейді Раиса Борисенко.

“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы шеңберінде осы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап осы бөлім жергілікті авторлармен олардың кітаптарын цифрландыру үшін авторлық шарттар жұмысын жандандырмақшы.

 

                                              Жанболсын ҚАЙЫРЖАНҰЛЫ,

ҚӨУ 2 – курс студенті.

Жаңалықтармен бөлісу