Абаттандыру қағидатын бұзған мыңнан аса қала тұрғыны жауапкершілікке тартылды

Абаттандыру қағидатын бұзған мыңнан аса қала тұрғыны жауапкершілікке тартылды

Қалалық әкімдікте өткен жиында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қаланы абаттандыруға бағытталған шаралар туралы ПБ бастығы Болат Иманов баяндады. Биылдың өзінде 1792 адам ескерту алса, сегіз адам айыппұл арқалаған.

Яғни, біріншіде ескерту беріледі, егер белгіленген мерзім ішінде, ескерту еленбесе айыппұл салыналды. Алғашқы айыппұл көлемі 20 АЕК. Тағы қайталанса айыппұл екі еселенеді.

«Атап өту керек, полицияның практикалық тәсілі былай жұмыс істейді: алдымен ескерту беріледі (профилактика ретінде), егер кері байланыс болмаса – айыппұл салынады. Бұл ережелерді ерікті түрде сақтауға ынталандырады. Яғни, ҚР ӘҚБК 505-бабы бойынша ескерту – бұл «жеңілдік» емес, профилактиканың құралы. Заң бұзушылықты айыппұлсыз түзету мүмкіндігін береді, бірақ қайталанған жағдайда жауапкершілік күшейеді. Сәірдің алтысынан бастап Кәсіпкерлік бөлімі, сәулет бөлімі және учаскелік инспекторлар бірлескен рейдті жүзеге асыруда. Онда бизнес иелеріне абаттандыру ережелерін түсіндіреді. Профилактикалық іс-шаралар барысында кәсіпкерлік субъектілері тарапынан бұзушылықтар анықталды. Бес күн ішінде учаскелік инспекторлар 19 бизнес иесін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның 17-сіне ескерту, 2-сіне қайталанғаны үшін айыппұл салынды», – дейді қалалық полиция басқармасының бастығы Болат Иманов.

Қайта тексеру кезінде талаптар орындалмаса, аталған тұлғалар тиісті баптың 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тәжірибе көрсеткендей, профилактика, ескерту және кейінгі бақылаудың үйлесімі артық әкімшілік қысымсыз тұрақты оң нәтиже берген.

«Ортақ әрекеттестіктің арқасында кәсіпкерлерде абаттандыру ережелерін сақтау – бұл міндет, формальдық емес деген түсінік қалыптасады. Бұл ұзақ мерзімді перспективада бақылау органдарына түсетін жүктемені азайтады», – дейді Болат Иманов.

Қала әкімі Марат Жүндібаев абаттандыру мәселесі бойынша белгілі бір шешімдер қабылданғанын атап өтті.

«Өткен жылы әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың саны өте көп болды. Алайда соның ішінде айыппұл салынғаны бар болғаны 34 жағдай. Яғни негізгі жұмыс профилактикаға бағытталған. Биылғы бірінші тоқсанда 8 айыппұл салынды. Біз айыппұлды басты мақсат деп санамауымыз керек. Дұрыс айтылды – ең алдымен 505-бап бойынша ескерту беріледі. Егер кәсіпкер түсінбесе, онда ғана жаза қолданылады. Бұл – мәжбүрлі шара. Алгоритм дұрыс: алдымен жазбаша ескерту беріледі, 10 күн уақыт беріледі. Егер талап орындалмаса – айыппұл салынады, ал қайта орындалмаса, айыппұл бірнеше есе өседі. Әрине, бұл жақсы жағдай емес, бірақ қалада тәртіп орнатудың жалғыз тиімді жолы осы. Бұрын мыңдаған адам жауапкершілікке тартылғанымен, ол тек қағаз жүзінде қалып қойды. Адамдар оған үйреніп кеткен. Енді бұлай болмайды», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Шаһар басшысы барлық кәсіпкерлерге, әсіресе шағын дүкен иелеріне үндеу жасады. Өзінше қалада бірінші қабаттарда, жеке үйлерде не қасында орналасқан 1540 шағын дүкен бар. Барлығы да рұқсат алар кезде «бәрін әдемі жасаймыз, ағаш отырғызамыз» деп уәде береді. Бірақ уақыт өте келе бұл міндеттер орындалмай қалады да, мәселе әкімдікке жүктелетінін жеткізді.

«Біз ешқандай артық талап қоймаймыз – тек өз нысандарыңызды, кіреберістеріңізді ретке келтіріңіздер. Жарнамалар заңға және сәулет талаптарына сай болуы тиіс», – деді қала әкімі.

Жол қауіпсіздігі бойынша да мәселе өзекті болып отыр. Соңғы бес жылда автокөліктер саны айтарлықтай өскен. Яғни, 2021 жылы 69 724 болса, қазір 98 мыңға жеткен. Яғни, 29 мыңа артып отыр. Бұл жол инфрақұрылымына үлкен жүктеме түсіреді. Осы ретте 20 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 18%-ға жоғары.

«Осы жылдың бірінші тоқсанында жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азайды. Уақыт бойынша жүргізілген талдау жол-көлік оқиғаларының қарбалас кезеңде тұрақты түрде болатынын көрсетеді. Бұрын да атап өткеніміздей, жолдардағы ЖКО-ның негізгі себептері көлік құралын басқару кезінде жүргізушілердің абайсыздығы, жылдамдық режимін асыру және жол қозғалысы ережелерінің қарапайым нормаларын бұзу. Жоғарыда аталғандардан басқа, жол-көлік оқиғаларының динамикасына бірнеше фактор әсер етеді. Яғни, күн сайын облыс аумағын транзитпен 10 мыңнан астам көлік құралы кесіп өтеді, олардың басым бөлігі облыс орталығының жолдарымен жүреді. Жол-көлік оқиғаларын азайту үшін біз жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер ететін құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған профилактикалық шараларды жүзеге асырып жатырмыз», – дейді Болат Иманов.

Айталық, қозғалыс кезінде ұялы телефонды пайдаланудың 749 дерегі, қарсы жолаққа шығудың 46 дерегі тіркелген. Ал 93 жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізген. Жаяу жүргіншіге жол бермеудің 691 дерегі тіркелген. Ал екі жарым мыңнан астам жаяу жүргінші жол қозғалысы ережесін бұзғаны анықталып отыр. Жалпы алғанда 21 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі тіркелген.

«Автокөліктердің көбеюі – тұрақ орындарының жетіспеушілігі мәселесін де туындатады. Қазіргі таңда бір отбасына орта есеппен 1,5 автокөліктен келеді. Сондықтан жолдарға түсетін жүктеме артып отыр. Қоғамдық қауіпсіздік бойынша негізгі мәселе – жүргізушілердің мұқиятсыздығы. Жол-көлік оқиғаларының 99%-ы осы себептен болады. Сонымен қатар көлік санының күрт өсуі де әсер етуде», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарына қатысты нақты тапсырмалар берілгенін атап өтті. Сәуірдің 15-інен бастап барлық дайындық жұмыстары аяқталып, асфальт төсеу басталуы тиіс. 1 мамырға дейін шұңқырларды жөндеу және кепілдік аясындағы жөндеу жұмыстары толық аяқталуы қажет. Бұл жұмыстар бюджет есебінен емес, мердігерлердің кепілдігі аясында жүзеге асырылады.

Сералы МЫРЗАБАЙ