Қостанайда кәмелетке толмағандар арасында жол-көлік жарақаттануының алдын алуға бағытталған «Балаларға арналған қауіпсіз жол» атты ауқымды профилактикалық акция өткізілді. Акцияға жалпы білім беретін мектептердің оқушылары мен колледж студенттерін қоса алғанда 4 000-нан астам білім алушы қатысты.
“Аталған акцияның мақсаты – жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру”, – дейді @polisia_kostanay өкілдері.
Іс-шара аясында жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша профилактикалық сабақтар ұйымдастырылды. Оған ішкі істер органдарының қызметтік автокөліктері, автобустар, манекендер және жол инфрақұрылымының элементтері қолданылды. Полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолдағы типтік жағдайларды және жол қозғалысына қатысушылардың дұрыс әрекет ету алгоритмдерін көрнекі түрде талдап көрсетті.
Полицияның қызметтік автокөліктерінің көрмесі ұйымдастырылып, балалар қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қолданылатын техникалық құралдармен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің қатысуымен көрсетілімдік іс-шаралар өткізіліп, онда қызметтік дайындық элементтері мен жауынгерлік әдіс-тәсілдер көрсетілді.
Кинологиялық қызметтің жұмысы таныстырылып, Қостанай облысы Полиция департаментінің музейінен қару-жарақ экспозициясы ұсынылды.
Бұдан бөлек «Жол қозғалысы ережелері» тақырыбында балалар суреттерінің көрмесі және асфальтқа сурет салу байқауы өткізілді. Шығармашылық іс-шараның қорытындысы бойынша қатысушыларға грамоталар мен сертификаттар табысталды.
Профилактикалық жұмыс «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында Қостанай облысы Полиция департаменті, прокуратура және өңірлік білім басқармасының өзара іс-қимылымен өткізілді.

Тәртіп сақшалары жол қозғалысы ережелерін сақтау балалардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың негізгі факторы екенін еске салады.
Диана Алмасқызы,
ҚӨУ студенті
