«Ақ бесік – бақ-несіп»: жаңа айдар жарық көрді

«Ақ бесік – бақ-несіп»: жаңа айдар жарық көрді

Құрметті оқырман! Бүгінен бастап газетіміздің «Көңілашар» бетінде «Ақ бесік – бақ-несіп» атты айдар аштық. Мұнда, атауы айтып тұрғандай, халқымыз ерекше қасиет тұтқан бесік бұйымы туралы жазып отырмақпыз.  Тұрақты мүйісте ел аузында жүрген, этнограф ғалымдардың еңбектерінде айтылған мәлімет-деректер қолданылады. Ұлт құндылығын бірге қастерлейік, таным-тағылымымызды бірге түгендейік!

 

Бесік туралы жалпы ұғым

            Қазақ халқының ауыз әдебиетінде бесік туралы мәліметтер көп кездеседі. Ертегілерде, мақал-мәтелдерде, әндер мен өлеңдерде де бесік туралы аз айтылмаған. Өйткені халқымыз мұны киелі мүлік деп есептейтін. Бесік – өмірге жаңа келген сәбидің ақ отауы. Нәресте кіндігі түскен соң бөленген. Мұның, ең алдымен, баланың тазалығына, аяқ-қолы мен денесінің түзу болып қалыптасуына тигізер пайдасы орасан. Нағашы жұрты әкелген бесікке әулет әжелері ерекше ықыласпен қарап, оның жөн-жоралғысын жасаған.

Нәрестені бесікке салмас бұрын «тышты ма?» ырымы жасалады. Тәттілерді түбектің ойығынан салып, бесік астынан уыстап алып шығып, балаларға шашу етіп таратады. Сәбиді ақ мамығына жатқызған соң бас жағына үкі қадап, атасының шапанын, жібек маталар, ат әбзелдері мен әкесінің зерлі белбауы секілді заттарды бесік үстіне жабады.
Қазақ баласы бесік жырын тыңдап өскен. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп ұлы Абай жырлағандай, сәбидің шыр етіп өмірге келген соң еститін алғашқы өлеңі – осы бесік жыры. Сол арқылы өне-бойына уызбен бірге құт дарып, рухани нәр сіңіп, көркем мінезі қалыптасып, түйсігіне ұлттық құндылық ұйымақ деген сенімге берік болған ұлттың ұрпағымыз. Қазақтың туған жерді алтын бесікке теңеуі де осы қасиетті мүлікті ардақтаудан шыққан.

Бесікті ілгерідегі көшпелі халқымыз көшіп-қонуына барынша қолайлы етіп жасаған. Киіз үйде ол биік аяғының арқасында, баланы сыз бен желден қорғады. Бесікті көбіне қарағайдан, қайыңнан немесе басқа да иілгіш ағаш түрлерінен жасады. Осының арқасында бесік мықты, экологиялық түрде таза және жеңіл болды. Бесіктің түбек, шүмек, кепіл (тіреніш), құс төсек, бас жастық, аяқ жастық, тақым жастық, аяқ көрпеше, бел көрпеше, жөргек (жаялық), жамылғы, қолбау, тартпабау, тізебау секілді көптеген құрамдас бөліктен тұратынын әр қазақ баласы білуге тиіс. Олардың әрқайсысына да алдағы уақытта жекелей тоқталатын боламыз.

Бесіктің пайдасы

Ақын, ғалым, қолөнерші Серікбай Оспанұлы «Бесік» атты шағын кітапшасында бесіктің мынадай қарапайым пайдаларын тізбектей өтеді:

  1. Бесікке бөлеген баланың ұйқысы тыныш болады. Өйткені бетіне шыбын-шіркей қонып, мазасын алмайды.
  2. Қол-аяғын таңып, байлап қойғаннан кейін қозғалып, көрпесі ашылып қалмайды.
  3. Нәресте күніне 24 рет зәр шығарады екен. Сонда 24 рет жаялық ауыстыру керек. Ал бесіктегі жаялықты ауыстырудың қажеті жоқ, бесікке бөлеген баланың денесіне де, жаялығына да зәрі мен нәжісі тимейді. Сондықтан да әртүрлі тері ауруларына шалдыға ермейді.
  4. Бесікті көші-қон кезінде арбамен де, атпен де, түйенің қомына салып та алып жүруге болады.
  5. Ағаш төсек, құс мамықтың үстінде жатқан баланың астынан сыз, үстінен жел өтпейді. Жауын-шашынды күндер де аса қауіпті емес.
  6. Бесікте тербетіліп өскен баланың атқа, мәшинеге, ұшаққа мінгенде басы айналып, жүрегі айни бермейді.
  7. Бесіктің арқалығына ілінген қызыл-жасыл сылдырмақтар мен асықтарға қарап өскен баланың көру, түс ажырату қабілеті жақсы болады.
  8. Бесіктегі бала аунап кетіп, отқа-суға түсіп қалудан аулақ болады.

9.Бесікке бөленген баланың анасының қолы көбіне-көп бос, басқа шаруаларын істеуге мұршасы бар.

  1. Бесікті тербетіп отырып,анасы бесік жырын айтады. Нәресте шағынан ана әлдиін естіп, бойына сіңіріп өскен баланың есту, сазды әуенді қабылдау қабілеті жақсы болады.
  2. Ана әлдиін естіп өскен баладан мейірімсіздік шықпайды.