Турнирдің салтанатты ашылуына облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Солдат Дүтпаев арнайы қатысты. Мейманды қала әкімінің орынбасары Абзал Қамбарұлы таныстырды.

«Шахмат ойыны – адам бойындағы бүкіл қасиетті дамытатын ерекше ойын. Қаламызда кейінгі кезде шахмат ойыны қарқынды дамып келеді. Өған дәлел, өткен жылы облыстық жазғы спартакиадада қаламыздың спортшылары жүлделі екінші орынға ие болды», – деп бұл спорт түрінен қаланың жеткен жетістіктерін тізіп өтті.
Облыстық шахмат федерациясының атқарушы директоры және аға жаттықтырушы Дәулет Жақатов федерация атынан Арқалық қаласында шахмат спортын дамытуға қосқан үлестері үшін бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.

Солдат Дүтпаев, Қостанай облыстық шахмат федерациясының вице-Президенті:
«Арқалыққа 2006 – шы жылы облыстық спартакиада өткенде бір ұжым болып келген едік. Арада 20 жыл өткенде келіп көргенімізде қаланың жаңа сипатқа енгеніне таң қалдық. Қаланың дамып келе жатқанына өте қуаныштымыз. Шахмат турнирінен ардагерлерімізді көріп жатқанымызға да зор ризашылығымызды білдіреміз. Ардагерлеріміз өзінің өнегелі істерімен қашанда кейінгі жас ұрпаққа өнеге бола бермек».

Абылай Мүсілім, Арқалық қаласының шахматтан аға жаттықтырушысы, жарыстың бас төрешісі:
«Турнирге облыс төңірегінен 42 спортшы келіп, бақтарын сынап жатыр. Жалпы, бұл ойын 7 тур өтеді. Нәтижесінде нағыз мықтыларды анықтаймыз деген үміттеміз. Облыстың Қостанай, Рудный, Арқалық қалаларынан, Б.Майлин, Наурызым, Амангелді, Жангелдин аудандарынан спортшылар қатысуда. Осындай жарыстардың арқасында жергілікті шахматшыларымыз тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдайды».

Қазіргі таңда қалада 40-қа жуық адам шахматпен айналысады. Жастардың спорттың бұл түріне деген ынтасы жоғары. Мамандар оны алдағы уақытта да арта түседі деген сенімде.
Арқалық шахмат клубы қалалық мәдениет сарайында орналасқан. Келіп жаттығам деушілерге есік ашық.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
