Қостанайдағы төрт көшенің аты өзгере ме?

Қостанайдағы төрт көшенің аты өзгере ме?

Бүгін түске таман Қостанай қаласында төрт көше мен бір саябақтың атын өзгертуге қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Оған қалалық мәслихат депутаттары мен тұрғындар қатысты. Жиында бастамашы топтың Уральской көшесін Шақшақ Жәнібек, Дзержинский көшесін Сағадат Нұрмағанбетов, Уриций көшесін Самат Бәкіров, Железнодорожной көшесін Бертран Рубинштейн деп атау жөніндегі ұсынысы талқыланды.

  Сондай-­ақ, Гашек көшесінде орналасқан саябаққа «Ұлы дала» атауын беру туралы сөз болды.

Алдымен Уральской көшесін Шақшақ Жәнібек деп ауыстыру жөнінде сөз болды. Бастамашы топ Тархан бабамызға көше атын беру туралы ұсынысты  алты жылдан бері айтып жүр. Биыл сәті түсіп, сол ұсыныс қоғамдық талқылауға түсіп отыр. Жиналыста ең көп талқыланған да ­ «Уральской көшесінің атын өзгерту» тақырыбы. Себебі, жиналғандардың батыр атын қала шетінде елеусіз орналасқан Уральской көшесіне беруге көңілдері толмады. Оның орнына Жәнібек тарханның ескерткіші тұрған Карбышев көшесін сұрады.

­  Торғайдың тумасымын. Осы жақта жиырма үш жылдан бері тұрамын. Манадан бері Тархан Жәнібекті мақтап жатырсыз. Елімізді қорғаған деп жатырсыз. Ал енді Уральской көшесі шеттегі тұйық көше. Атамызға ескерткіші орналасқан Карбышев көшесін неге бермеске?, ­ деді қала тұрғыны Ғалымжан Шаяхметов.

Бастамашы топтың мүшелері бұл уәжбен келіспейді. «Алты жыл бұрын батырға көше атын беру жөнінде сөз болғанда Уральской көшесіне де зар болдық. Сол уақыт ішінде талай мекеменің табалдырығын тоздырдық. Зордың күшімен қол жеткізіп, қоғамдық талқылауға түскен кезде Уральской емес Карбышев көшесін берейік дегеніңізге не жорық?!» деген қарсы пікір айтылды.

Карбышев көшесінің ұзындығы бас­аяғы төрт шақырым, ал Уральской көшесі 8 км. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы халықаралық әуежайдан шыққан адам Шақшақ Жәнібек көшесінің бойымен жүріп өтеді. Жолдың оң шағында жаңадан бой көтерген «Әуежай» шағын ауданы орналасқан. Болашақта ол жерді «Береке» шағын ауданымен байланыстыратын көпір, жол салынады деген сыңайлы ойлар айтылды. Одан кейін, Дзержинский көшесін Сағадат Нұрмағанбетов, Уриций көшесін Самат Бәкіров, Железнодорожной көшесін Бертран Рубинштейн деп атау және Гашек көшесінде орналасқан саябаққа «Ұлы дала» атауын беру жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Аталған бес тақырыпқа халық ой қосып, депутаттар дауыс беріп тиісті шешім шықты.  Мәселені әрі қарай ономастика комиссиясы қарайды.

Талқылау газетіміздің инстаграм парақшасында тікелей эфирден көрсетілді. Эфирдің жазбасы инстапарақшада https://www.instagram.com/p/CtvikhFRgGP/?utm_source=ig_web_copy_link&igshid=MzRlODBiNWFlZA== сақтаулы тұр. 

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.  

Жаңалықтармен бөлісу