Қостанайлықтар татар халқының ұлттық мейрамы сабантойды барынша сән-салтанатымен атап өтті. Тұрғындар сол күнгі жауын-шашынға қарамастан қалалық жағажайға жиналды. Түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында бас қосып, мерекенің сәнін кіргізді.
Сабантой татар тілінен аударғанда «Жер өңдеу мерекесі» деген ұғымды білдіреді. Дәстүр бойынша татар халқы бұл мерекені жиын-терім көп болсын деген ырыммен тойлаған. Заман ағымына қарай өзгеріске ұшырап, заманауи реңкке ие болған мереке бүгінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жауһарлары тізіміне енген. Татар және башқұрт халқының ұлттық мереке еліміздің әр өңірінде кеңінен атап өтіледі.
– Сабантой – “егін бітік шықсын, қамба астыққа толсын” деген ізгі ниеттен туған мереке. Қостанайда ұзақ жылдардан бері тойланады. Сондықтан, бұл мейрамды татар немесе башқұрт халықтарына теліп, бір жақты пікір қалыптастырғым келмейді. Бәрімізге ортақ, – деді “Дуслық” татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Ринад Бектеміров.
Қалалық жағажайға бірнеше киіз үй тігіліп, татар халқының ежелгі баспанасының үлгісі қойылды. Ал іші түрлі-түсті мата, орамалдармен безендіріліп, ұлттық киімдер көпшіліктің назарына ұсынылды. Шағын көрме көздің жауын алады. Көпшілік осынау әдеміліктің қасында тұрып суретке түсіп жатты. Келесі шатырда ұлттық тағамдар дайындалды. Қонақтар чак-чак, бәліштің алуан түрі және эчпочмактан дәм татты. Ашық аспан астында самаурын қайнап, кәуап қақталып жатты.
Жергілікті және басқа облыстардан келген өнерпаздар сахна көркін қыздырып, алма кезек ән айтып, би биледі. Ақтөбе облысынан келген “Өмірзая” ұлттық ансамблі, рудныйлық “Байрам” татар-башқұрт ансамблі және Татарстаннан арнайы шақырылған халық артисі, орындаушы-композитор Лилия Муллагалиева “Сабантойдың” сәнін келтірді.
Бұл күні ешкім назардан тыс қалған жоқ. Балалар мен ересектерге арналған көңілді, спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Жастар жағы өзара жарысып, сынға түссе, үлкендер жайланып отырып концерт көрді.
– Сабантой – бәріміздің басымызды қосып, біріктіруге арналған ерекше мейрам. Аталған іс-шара молшылықтың, берекенің бастауына айналсын, – деді “Қоғамдық келісім” мекемесінің басшысы Наталья Рамазанова.