Өңірде “Ауыл аманаты” бағдарламасын жүзеге асыру басталды

Өңірде “Ауыл аманаты” бағдарламасын жүзеге асыру басталды

Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының табысын арттыруда Жамбыл облысының тәжірибесін кеңейту жөніндегі бастамасын орындау мақсатымен астықты өңірде “Ауыл аманаты” бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Бұл бағдарламаны “Тобыл” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қолға алып отыр.

Жобаны жүзеге асыруға 1,2 млрд теңге бөлінген. Шағын несиені жұмыссыз және жұмыспен қамтылған азаматтардың жекелеген санаттары – ісін жаңа бастағандар, жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, қысқартуға түскен жұмыскерлер, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен жеке қосалқы шаруашылықтар, отбасылық кооператив мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ала алады.

Бағдарламалық құжаттарда аталған тұлғалардың ауылдық жерлерде кез келген жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі көзделген. Микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар 7 жылға дейін қаржыландырылады. Несиенің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендер және Тобыл тәрізді шағын қалаларда өтініш беруші 8,6 млн теңгеге дейін ала алады. Ал, зәкірлік кооперацияны дамыту үшін – 27, 6 млн теңгеге дейін төленеді. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5%. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең несиелеу мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды

Кепілмен қамтамасыз ету құрамы өтімді мүліктің (жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер (егістік жерлер), автокөлік (арнайы техника және жылы мен өндіруші зауытына байланысты көліктің басқа түрі), екінші деңгейлі банктердің кепілдіктері, депозиттері) кемінде 70% және өтімділігі төмен мүліктің кемінде 30%-нен (құрал-жабдық, үй жануарлары) аспауы тиіс. Несиелеу шарттарымен “Тобыл” ӘКК АҚ сайтынан танысуға болады.

Қазіргі таңда жергілікті жерлерде, ауылдық өңірлер мен аудан әкімдіктері жанынан жұмыс топтары жасақталған. Бағдарлама шарттары бойынша халыққа толық ақпарат беріліп, құжаттардың бастапқы пакетін жинауға көмек көрсетіліп жатыр. Несие беру процесін жеделдетіп, қарыз алушылардың келуін азайту үшін әр аудан өкілі жүгінушілердің құжаттарын ӘКК-ге өздері апарып береді. Корпорация жанынан “Ауыл аманаты” бағдарламасына әлеуетті қатысушылардың құжаттарын қарау үшін жеті адамдық кредиттік комиссия құрылған.

Комиссия құрамына “Тобыл” ӘКК, ауыл шаруашылығы басқармасы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы, “Қазақстан фермерлер қауымдастығы” филиалы, облыстық қоғамдық кеңес және облыстық мәслихат өкілдері енгізілген.

Бүгінде “Тобыл” ӘКК “Ауыл аманаты” бағдарламасымен несие алуға ауыл тұрғындарынан 500-ден астам өтініш келіп түскен. Осы жылдың 15 маусымында он бір қарыз алушының шотына 85,6 млн теңге несие аударылды. Оның жетеуі – нәтижесіз жұмыспен қамтылған, екеуі – жұмыссыз азамат. Көп жағдайда тұрғындар мал шаруашылығын дамытуға ниетті.

 

Жаңалықтармен бөлісу