Амангелді ауданы әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің “Тілдерді оқыту орталығы” КММ ұйымдастыруымен 14 наурыз – Көрісу күніне орай “Көрісу – көнеден қалған өнеге” атты ойын-сабақ өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық дәстүрді жаңғырту, ұжымдық бірлікті нығайту және тыңдаушылар арасында жағымды, позитивті атмосфера қалыптастыру.
Іс-шара басында қатысушылар екі топқа бөлінді: «Көрісу» тобы және «Сәлем» тобы. Қатысушылар түрлі ойын кезеңдері арқылы өз білімдері мен тапқырлықтарын, шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Алғашқы «Амандасу мәдениеті» кезеңінде қатысушылар қазақ халқының амандасу дәстүрінің түрлі үлгілерін көрсетіп, музыка ырғағымен орындалған тапсырмалар арқылы шапшаңдық пен ұйымшылдық танытты.
Келесі «Көрісу баттл» кезеңінде топ мүшелері бір-біріне креативті, қысқа әрі әсерлі тілектер айтып, ерекше ойларымен көрермендердің көңілін көтерді.
Ал «Ситуация LIVE» кезеңінде қатысушыларға түрлі өмірлік жағдайлар ұсынылып, олар сахналық импровизация арқылы өз шешімдерін көрсетті. Бұл кезеңде қатысушылардың сахналық мәдениеті, эмоциясы және шешім қабылдау қабілеті бағаланды.
Сонымен қатар «Артық қимыл» және «Әріптен басталатын тілек» атты қызықты ойындар ұйымдастырылып, қатысушылардың зеректігі мен шығармашылығы сыналды.
Іс-шара қорытындысы бойынша І орынды «Сәлем» тобы иеленді. Топ құрамында Бектасбаев Максат Мейрамбекович, Әбдіғали Ұзақбай Нағашыбайұлы және Абилдин Ержан Ерсинұлы болды.
ІІ орынды «Көрісу» тобы иеленді. Топ құрамында Сәбитбек Гүлбаян, Ауесханова Айнұр және Абенов Исламбек болды.
Шара соңында орталық директоры Ж.Ж. Ізімгалиева сөз сөйлеп, көрісу дәстүрінің маңыздылығын атап өтті. Ол бұл дәстүр адамдарды жақындастырып, сыйластық пен татулықты нығайтатынын жеткізді.
Осындай тағылымды іс-шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, ұжым арасындағы бірлік пен өзара сыйластықты арттыруға ықпал етеді.
Рахимжанова Камшат Балғабаевна
Мемлекеттік тіл оқытушысы
