Әрекетке қабілеттілік туралы дерек онлайн қолжетімді

Әрекетке қабілеттілік туралы дерек онлайн қолжетімді

Статистика дерегіне сәйкес, облыста сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған 3117 адам есепте тұр. Оның 1797-3 ер, 1320-ы әйел.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті және оның аумақтық департаменттері 2000 жылдан бастап сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған тұлғалардың есебін жүргізіп келеді.

Өткен жылы сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған 170 адам есептен шығарылды. Оның ішінде 165 адам қайтыс болуына байланысты, ал бесеуі соттың әрекет қабілеттілігін қалпына келтіру туралы шешімі негізінде есептен алынды.

            «Азаматтардың уақытын үнемдеу және қолайлылық жасау үшін Комитет тарапынан qamqor.gov.kz порталында арнайы функция әзірленген. Бұл мүмкіндік арқылы интернет пайдаланушылары үйден шықпай-ақ сотпен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған тұлғалардың арнайы есебінде бар-жоғы туралы ақпаратты қысқа мерзім ішінде ала алады», – дейді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Қостанай облысы бойынша департаментінің аға прокуроры – Ж.К. Бадалова

Ақпарат алу үшін qamqor.gov.kz порталына кіріп, «Сотпен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған тұлғалар тізілімі» бөлімінде жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) және жеке куәлік деректерін енгізу қажет.

Осыдан кейін жүйеде анықтама қалыптастырылып, оны қағаз түрінде басып шығарып, қажет болған жағдайда ұсынуға болады. Аталған анықтама электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған және ресми құжат болып саналады.

Сералы МЫРЗАБАЙ